Семейлік теміржолшылар Алакөлде тынығуға мүмкіндік алды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшылар бөлімше бойынша қолға алынған жаңа әлеуметтік бастамалар аясында биылғы жылы да еліміздегі бірегей туристік орталық Алакөлде тынығуға мүмкіндік алды.

Шілде айынан бастау алған демалыс маусымына әзірге жүк тасымалы бөлімшесі үшін ғана 40 жолдама бар. Яғни, тек қозғалысшылар үшін қолайлы жағдай қарастырылып отыр. Алайда, алдағы уақыттарда Алакөл басындағы туристік нысандармен келісім жасалатын болса, жаз қызығын көл жағасында өткізушілер санын арттыру межесі қарастырылуда.

– Биылғы ерекшелік, Алакөлге барғысы келетіндердің әлеуметтік ахуалына назар аударылатын болады. Бірінші кезекте тері аурулары сырқаттары бар немесе денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін сала қызметкерлері жолдама ала алады. Орындар саны шектеулі болуы себепті, талап та күшейтілді, – дейді Семей ЖТ бөлімшесі бойынша кәсіподақ ұйымының төрағасы Асқар Жармұхамбетов.

Алакөлдегі демалыс орындары – теміржолшылар үшін ең арзаны. Мәселен, Сарыағаштағы емдеу-сауықтыру шипажайларына бару үшін жолдамаға 25 мың теңге төлеу қажет болса, Шығыстың өз аймағында орналасқан Алакөл үшін әр теміржолшы қалтасынан бар болғаны 5 мың теңге ғана шығарады. Өзге шығынды кәсіподақ ұйымы көтеріп алады.

Суы да, батпағы да шипалы, ауасы жанға дауа Алакөл жағасында тынығу маусымы теміржолшылар үшін алдағы тамыз айына дейін жалғаспақ.