Болашақ теміржолшылар диплом алды

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Теміржолшылар қатары тағы біршама жас мамандармен толығатын күн алыс емес. Темір жол көлігі үшін орта буын мамандар дайындайтын Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің биылғы жылғы бітіруші түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.

Оған Жамбыл ЖТ бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков, бөлімшенің персоналдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы, колледждің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Айнагүл Нағашбек, колледждің 1962 жылғы түлегі, спорт шебері Евгений Гостев арнайы шақырылды.

Биыл теміржолшылар дайындайтын оқу орнын 2 жыл 10 ай бойы студенттік өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, болашағына біліммен капитал құйған 209 түлек бітіріп отыр.

– Бүгін сіздер үшін аса маңызды күн. Себебі сіздер диплом ғана емес, үлкен өмірге жолдама алып отырсыздар. Үш жылға жуық уақыт бойы еліміз экономикасының күретамыры атанған темір жол саласына осыншама маман дайындаған колледж ұжымына, ұстаздарға алғыс білдіреміз. Ең бастысы, осы бітіруші түлектердің бәрінің жұмысқа тұрып кеткенін қалаймын. Мүмкін кейбірің мамандық бойынша жоғары оқу орындарына түсетін шығарсыңдар. Қалай болған күнде де бәріңе сәттілік серік болсын, – деді түлектерді құттықтаған Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков.

Колледж директоры Ұлжан Кенжебаева өмірдің жаңа сатысына қадам басқалы отырған шәкірттеріне жылы лебізін білдіріп, алған білімінің жемісін көрулеріне тілектестік білдіре отырып, шәкірттерінің әрқайсысы еліміздің қажетіне жарар білікті маман болып, өмірден өз орындарын табарына сенімді екенін жеткізді.

– Өйткені, біз сіздерге болашаққа берік іргетас қалауға тырыстық. Ұстаздарыңыз еккен теориялық білімдеріңізді өндірісте тәжірибемен толықтырып, мықты маман боласыздар деген үміттемін. Өйткені, уақыт өткен сайын сіздерге артылар сенім де, жауапкершілік те арта түседі. Сол жолда аянбай еңбек етіп, темір жол саласында, жалпы өмірде толайым табысқа жете беріңіздер, – деді колледж директоры.

Оқу орнын үздік бітірген түлектер Үмітбек Рысбеков бастаған қонақтардың қолынан «қызыл» диплом алу құрметіне ие болды.