Жарылыстан кейінгі Арыс

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Арыс қаласында болған жарылыстың салдары Қазақстан темір жолы саласына да кері әсерін тигізбей қоймады. Төтенше жағдайға байланысты жолаушылар және жүк тасымалы тоқтап, тоғыз жолдың торабына орналасқан Арыс станциясы бірнеше күн қаңырап бос қалды.

Алайда, мемлекеттік маңызды нысан болғандықтан, теміржолшылар үшін станцияның амандығы, инфрақұрылымның бүтіндігі бірінші кезектегі мәселе еді. Оқиға болған күні жұмыс орнын бір минут та тастап кетпегендердің бірі Арыс станция басшысының міндетін уақытша атқарушы Эдуард Дербісов теміржолға төнген қауіппен қасындағы бес-алты маманмен барынша күресіп баққан...

Қазіргі таңда Арыс қаласында тіршілік қалпына келген, теміржол қозғалысы да толықтай іске қосылған. Станция да, локомотив депосы, ШЧ-38, УПЧ-54, сумен жабдықтау, вагоншылар, т.б мекемелер өз жұмысын кестеге сай жалғастыруда.

Арыс станциясы бастығының логистика жөніндегі орынбасары Құрманғазы Нарымбетов күн сайын 34 пойыз қабылдап, 34 пойыз жіберіп жатқанын айтты.

Ал Арыстағы жарылыстың салдарынан станция мен оның шаруашылығы қаншалықты зардап шекті, шығын көлемі қандай деген сауалға Құрманғазы Нарымбетов «5 вагонға зиян келді» деп жауап берді. Оның екеуі жүк тасымалдайтын, қалғаны ашық вагондар екен.

– 24 маусым күні снаряд түсіп 1 контейнер жанды, сұрыптау паркінің ішіне де снаряд түсті. Жалпы алғанда, 3 ашық вагонға және жабық 2 жүк артатын вагонға снаряд түсті. Барлығын қосқанда 5 вагонға зиян келді. Әрине, вагондар бірден қалпына келмейді. Бұл жүк таситын вагондар Өзбекстанға кетіп бара жатқан болатын. Алушы жақ – Өзбекстан. Зардап шеккен вагондарға коммерциялық акт толтырамыз. Бұл контейнерлердің салмағы 20 тоннадан асып кеткен, біз ауыр салмақты контейнерлермен жұмыс істей алмаймыз. Біз 5 тоннаға дейінгі вагондарды қалпына келтіре аламыз, – деді Қ.Нарымбетов.

Ал станция бастығы міндетін уақытша атқарушы Эдуард Дербісов оқиға болған күнді былай еске алады.

– Таңғы сағат тоғызда «планерка» өткізіп болып, осы жерде жұмысшыларды жанжаққа тараттық. Сосын жоғары қабаттағы кабинетке кіргенім сол, терезеден сырттағы түтінді көрдім. Түтін солтүстік парк жақтан шығып жатты. Дереу локомотивтегі Ақкөзовке хабарласып едім, ол білмеймін деді. Сосын біз өз бетімізбен бақылау жасап, түтіннің әскери бөлімнен шығып жатқанын анықтадық. Артынша қуатты жарылыс болды. Екінші жарылыс болған соң тікелей Шымкенттегі жол бөлімшесіне қоңырау шалып, жағдайды баяндадым. Абырой болғанда екі ауысымның жұмысшылары әлі кете қоймаған еді.Түнгісіне де, күндізгісіне де Арысқа келетін үш бағыттағы пойыздың бәрін қалаға кіргізбей, дереу тоқтатыңдар деп бұйрық бердім. Олар сол замат пойызды тоқтатты. Осылайша жолаушы және жүк пойыздарының қауіпсіздігін қамтамасыз еттік және перегонда пойыздардың топталып жиналып қалуын болдыр-мадық, – дейді Эдуард Дербісов.

Айтуынша, соның өзінде бір пойыз Арысқа кіріп келе жатқан кезде электр энергиясы өшіп қалғандықтан тоқтап қалған. Себебі, жарылыстың салдарынан бағдаршам, бұрма бағыттамалар бәрі өшкен еді. Ал бағдаршам мен жарық өшіп қалса, станция кезекшілері пойыздың қайда келе жатқанын да анықтай алмасы анық. Сондықтан пойыздарды «тоқтатыңдар» деген бұйрық болған екен ең қауіпсізі.

– Осы кезде жұмысшылар дүрбелеңге түсті. Сыртта халық айғай-шу, жан-жаққа қаша бастады. Мен кеңседегі қызметкерлерге компьютер мен жарықты өшіріп, ғимараттың жертөлесіндегі «бомбаубежищеге» кіріңдер дедім. Осы ДС-тің астында жертөле бар, солай атайтын. Оған тек теміржолшылар ғана емес, сырттан басқа да азаматтар балаларымен қашып келіп кіріп жатты. Бірін-бірі шақырып, жертөлеге шамамен 180-дей адам жиналды. Ұялы телефоным тынбай жан-жақтан қоңыраулар кеп жатыр. Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі басшылығы минут сайын жағдайдың не болып жатқанын сұрап, біліп отырды. Елордадан, Орталық аппараттан да тікелей хабарласып, менімен үнемі байланыста болды. Себебі, ұялы байланыстан басқа байланыстың барлық түрі тоқтап қалған еді, – деді Э.Дербісов.

Алғашқы жарылыс кезінде-ақ әскери бөлімге теміржолдың өрт сөндіру пойызы көмекке келсін деген бұйрық келіп түседі. Алайда тепловоздар жарты жолда жүріп тоқтайды. Өйткені, жарылыс салдарынан қатты жер сілкінісі болып, айналаға әскери оқ-дәрілер мен темір-терсектер ұшқандықтан, тепловозды ол жерге жеткізе алмай тоқтатуға мәжбүр болған. Осы аралықта станция басшысының міндетін атқарушы Дербісов Арыс қалалық әкімдігіне хабарласып, адамдарды эвакуациялау керектігін айтып хабарласады. Төтенше жағдай департаментінің адамдары көмекке келгенше жертөледе жасырынып жатқан бала-шаға мен халықты тыныштандырып, оларға су береді. Түркістаннан адамдарды көшіруге 40 автобус жіберілген екен. Дербісовтің өтінішімен сол автобустың алдымен екеуі станция ғимаратына келіп, адамдарды сыртқа шығара бастайды. Оған сыймай, тағы екі автобус келіп, жертөледегі, станциядағы адамдардың барлығын алып кетеді. Дербісов өзінің орынбасары Құрманғазы Нарымбетовтен басқа теміржолшыларға автобуспен кетуге рұқсат береді, «барыңдар, отбасыларыңды қорғаңдар, балашағаларыңды сақтаңдар» дейді.

Айтуынша, локомотив депосында да машинистер бригадасы, депо жұмысшылары сол жақтағы «бомбаубежищеге» жасырынған. Ол жақта да жертөледе бомбадан паналайтын орын бар екен. Арыс станциясында 325 адам бар болса, жарылыс болған күні кем дегенде 80 теміржолшы жұмысқа шыққан екен. Жарылыс кезінде біраз адам ә дегеннен бас сауғалап қорқып қашып кеткен. Алайда олар қозғалысқа тікелей қатысты мамандар болмаған. Ал станциядағы қозғалысшылар, станция кезекшілері, диспетчерлер, дөңес кезекшілері, парк кезекшілері, т.т Дербісовтің бұйрығын күтіп жұмыс орындарын тастап кетпеген. «Бүкіл қозғалысты, пойызды тоқтатыңдар, пультты жабыңдар, өшіріңдер» деген бұйрықты орындаған соң ғана пана іздеп кеткен.

«Қазір теміржолға келген шығындарды санап жатыр. Ол туралы әзірге айта алмаймын. Жарылыс кезінде теміржолшылар зиян шеккен жоқ. Естуімше, Жұпар деген теміржолшы келіншек үй жағында осы жағдайдан қашып бара жатқан кезде өзі де, күйеуі де жараланыпты. Ал станция жұмысшылары жарақат алған жоқ», – деді Э.Әнуарұлы. Арыс станциясында 106 жол бар. Ал жарылыс болған әскери бөлім станциядан небары үш жарым километр қашықтықта орналасқан екен. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, небір қауіпті бензин, кислота, сұйық хлор, т.б. сақтаулы тұрған жүк вагондарына снаряд түссе, не боларын елестете беріңіз. Оқиға болған күні бір платформаға жанған шөптен от тиіп зардап шеккен екен.

Бұдан бөлек, Арыс вокзалының қарсы алдында тұрған ғимаратқа снаряд түсіп, түгі қалмай жанып кетіпті. Ол аздай станция ғимаратының алдындағы көшеге снаряд түсіп, асфальтты ойып кеткен. Сондықтан барлық теміржолшылар да, тұрғындар да «Вокзалдың ғимаратын құдай сақтап қалды, сол снаряд жүз метр әріге, вокзалға, теміржолға түссе не болар еді» десіп жағаларын ұстаған... Станция басшысының міндетін уақытша атқарушы Эдуард Дербісов, орынбасары Құрманғазы Нарымбетов, тағы басқа бес-алты теміржолшы оқиға болған сәттен бастап станцияны бір минут та тастап кетпеген.

«Біз қаладан шықпадық. Жұмыс орнында болдым. Жарылыстан көбіне Арыс-1 емес, Арыс-2 станциясы зардап шекті. Ғимараты қазір жөнделіп жатыр. Арыс-2 станциясында реле желілері орналасқан. Сол бекетке снаряд түссе, сұмдық болар еді. Себебі, ондай релені қалпына келтіретін бөлшектер жоқ. 2-Арыстағы ғимарат бір-ақ қабатты. Снаряд темірбетонды тесіп өте алмағандықтан, астындағы релелер аман қалды. Сол релелер аман қалғандықтан да Арыста қозғалыс тез іске қосылды», – дейді Э.Әнуарұлы. Арыс-2 станциясындағы теміржолшылар көмекке келетін өрт пойызын күтіпті. Алайда ол жерге өрт пойызы жете алмайды деп станцияның уақытша басшысы «отбой» берген. Неге десеңіз, снарядтар шашылып, сілкініс қатты болыпты. Станциямен қатар қаладағы көптеген үйлердің есік-терезесі қирап қалған.

«Төтенше оқиғадан кейін қалаға жан баласын кіргізбеді. Қала тура Чернобыль апаты кезіндегі сияқты қаңырап бос қалды. Сосын біз жедел штаб құрып, түнде де келіп станцияны күзеттік. Ай жарық болса да аздап көмек болар еді, сол күндері тас қараңғыда станцияда қалған пульттерді, бағыттама бұрмаларды, электр қоректендіргішті қадағалап тұрдық. Ал су бөшкелерден біразға дейін ағып тұрды, таусылғаннан кейін су да тоқтады. Суды 27 маусым күні ғана берді», – деді станция бастығының орынбасары Қ.Нарымбетов.

Міне, қорқынышты күндер артта қалса да жұрттың үрейі әлі сейіле қоймаған Арысқа келіп біз жағдаймен таныстық. Теміржолшылардың өкпеназы да, өтініш-тілегі де бар екен.

«Әншейінде жиі келетін «Денсаулық» пойыздары неге осындайда келмейді Арысқа, өзімізді қойшы, бала-шағамыз қорқып қалған, психолог көмегі керек, алғаш келген күндері су мен нанға зар болдық, азық-түлікті де өлшеп беріп жатыр» деседі. Біз Арысқа барған күні Шымкент станциясының қызметкерлері Арыстағы әріптестеріне қолдау ретінде азық-түлік жеткізіп беріп жатыр екен. Сондай-ақ, кәсіподақ тарапынан арыстық теміржолшыларға 50 мың теңгеден көмек беріліпті.

Қазір Арыс бұрынғы тіршілігіне қайта оралып, қозғалыс көбейген. Қалада тұрғындар саудасын жасап, көлік қозғалысы да жандана түскен. Қираған, бүлінген құрылысты қалпына келтіріп жатқандар аптап ыстықта да жұмыс істеп жатыр...