«Нұрлы жол» вокзалында өрт-тактикалық жаттығу өткізілді

«Нұрлы жол» вокзал кешенінде алғаш рет өрт қауіпсіздігі бойынша өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Оған теміржолдың барлық және мемлекеттік органдардың тиісті мекемелері қатысып, шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша вокзалдағы жолаушылар пойызының бір вагонынан өрт шығып, тілсіз жауды ауыздықтауға барлық қызметтер жұмылдырылады. Сонымен аталған кешеннің жедел басқару орталығына таңертеңгі сағат 10.20-да Сарыағаш-Нұр-Сұлтан пойызының бір вагонының тамбурынан өрт шыққаны туралы хабарлама түседі. Жолсерік вагон тамбурының жұмыс істемейтін жағынан түтін шыққанын байқаған. От тұтанып жатқанын пойыз машинисі Нұр-Сұлтан Нұрлы жол станциясының кезекшісіне хабарлайды. Жаттығуды өткізуге Қазақстан темір жолының 10 шақты құрылымдық мекемесі атсалысты. Жедел басқару орталығы мамандары одан әрі төтенше жағдайлар кезіндегі хабарлама беру сызбасы бойынша әрекет етеді. Сол сәтте Жүк тасымалы бөлімшесі кезекшісіне, желілік тәртіп сақшыларына, Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаментіне өрт шыққаны туралы хабар жібереді. 10.22 минутта Жүк тасымалы бөлімшесі бастығының бұйрығымен өрт сөндіру пойызы іске қосылады. Өрт шығуына байланысты станция бастығы жедел штаб құрды. Өз кезегімен оқиға орнына электр монтерлері, әскерилендірілген күзет қызметі, байланысшылар, жолшылар келеді. Өрт пойызының жасақтары тілсіз жауды ауыздықтап, жолаушыларды қауіпсіз жерге шығарған соң, теміржолшылар сол жердегі электр желілері, белгі беру құрылғылары, жолдың жоғары төсемінің жағдайын тексеріп, бүлінген дүниелерді қалпына келтіруге кіріседі. 10 сағат 45 минутта өрт толықтай сөндіріліп, 11-де оқу-жаттығуға талдау жасалды.

– Жаңа вокзал кешенінде алғаш рет өтіп тұрғандықтан, бұл оқужаттығуға «4» деген баға бердік. Маңызды стратегиялық нысан болғандықтан бұдан кейін де ұдайы осындай шара ұйымдастырып тұратын боламыз. Сонда адам көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы төтенше жағдайларға қашан да сақадай-сай дайын боламыз деген сенімдеміз, – деді Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бастығының орынбасары Сайлау Айтбаев.

Нұр-Сұлтан станциясы өрт сөндіру пойызының бастығы Серік Ғабдуллиннің айтуынша, кешенде алғаш өткізіліп отырған өрт қауіпсіздігі шарасының мақсаты – шартты өртті сөндіруді, төтенше жағдайдан кейінгі зиянды салдарларды жоюды ұйымдастыру бойынша практикалық шараларды пысықтау. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде темір жол мекемелері мен мемлекеттік қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды, ауызбіршілікпен үйлесімді атқарар жұмыстарды тексеру, осы бағытта тәжірибе алмасу да басты міндет. Шара барысында зардап шеккендерді қауіпті аймақтан жедел түрде алшақтатып, қауіпсіз жерге алып шығу, қатерлі жерді оқшаулау, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, жұмысшылардың техникалық қауіпсіздікті сақтауын бақылау, төтенше жағдай салдарын жоюға тартылған құрылымдық мекемелердің іс-әрекетіне талдау жүргізіп, бағасын беру бойынша жұмыстар сапасы белгілі болды.