Ақтөбе өңірінде негізгі жүк - хром

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе өңірінде теміржолмен хром, құрылыс материалдары және металл бұйымдары қарқынды тасымалданып жатыр. Бұрын жүктің дені Қазақстан аумағын қамтыса, енді Ресей арасындағы тасымал да артып келеді.

Өткен жылы 60 мың вагон хром кені, 302 вагон металл, 126 вагон құрылыс материалдары, тағы да бірнеше вагон саз, құрал-жабдықтар тасымалданып, яғни жыл ішінде 60 452 вагон жүктеліп, діттеген жеріне кедергісіз жеткізілген екен. Жүк түсіру көрсеткіші де жаман емес. Мәселен, өткен жылы 1794 вагоннан әртүрлі жүк түсірілген.

Мамандар жүк тасымалының көрсеткіші төмендегенін жасырмайды. Жоспар бойынша бір жылда 60 639 вагон хром кені тиелген. Сонымен қатар 452 вагон металл тасымалданған. Құрылыс материалдарының жылдық тиелу жұмыстары да көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда аз.

«2018 жылы тек түсірілген жүк көлемі жоспардан артық орындалған. Жоспар бойынша бар болғаны 1780 вагон жүк түсіру белгіленген. Жүк тиеу-түсіруде басым бөлігі Дөң кен зауытына тиесілі. Мұнда хром кені тасымалданады. Қазіргі кезде металл цехы және Хромтау кірпіш зауытына құрылыс материалдары жөнелтіліп жатыр. Жүктердің негізі Қазақстан аумағымен қатар Ресей еліне жіберіледі. Ақсу, Жіңішке және Аносова станцияларымен тұрақты байланыс орнаған. Металдар Магнитогорск қаласындағы металл комбинатына жіберіледі. Ал ел ішінде металл Ақтау портына жөнелтіледі. Аносова қаласындағы зауытқа хром кені ұзақ жылдан бері тасымалданады. Ал Хромтау зауытында өндірілген кірпіштер ел аумағындағы барлық өңірге жеткізіледі», – деді Дөң станциясының маманы Гүлзия Рысмағамбетова.

2019 жылдың бес айында хром кені тасымалы 30 мың вагонға жуықтаған. Металл тасымалы 100 вагоннан асса, құрылыс материалы 40 шақты вагонды құраған және бір вагон саз жеткізіліпті.