Жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кеткен

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

27 маусым күні кешкі 16 сағат 20 минут шамасында Ақтоғай-Аягөз телімінде пойыз қозғалысына кедергі келтірген тосын жайт орын алды. Жүріп келе жатқан жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кеткен.

Аталмыш оқиға №27 жолайрығы мен Темекілі станциясы аралығындағы қумажолда орын алған. Оның салдарын жоюға іргелес орналасқан Аягөз және Ақтоғай станцияларынан қалпына келтіру пойыздары жылдам жетіп, жолшылар күшімен жеделдетілген жұмыс жүргізілді. Себебі, №301 «Новосібір – Алматы», №351 «Өскемен-Алматы», №311 «Семей-Нұр-Сұлтан», №459 «Өскемен-Достық», №32 «Алматы-Павлодар», №22 «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызы кестеден кешіккен еді.

Оқиға орнына Семей ЖТ бөлімшесі басшысының бірінші орынбасары бастаған, қозғалыс қауіпсіздігі саласы мамандары мен аймақтық ревизорлардан құралған арнайы комиссия жетіп, мән-жайды анықтауға бірден кірісіп кетті. Мәлім болғандай, зардап шеккендер жоқ. Қосымша күш жіберудің де қажеті болмаған.

– Жұмыла жұмыс жүргізу нәтижесінде 28 маусым күні таңғы 6 сағат 38 минут шамасында тосын жайт орын алған телім бойындағы жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысы қайтадан ашылды. Оқиға салдарының неден орын алғаны қазіргі таңда анықталып жатыр, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Дәулет Сүлейменов.

Ал, комиссия жұмысы қорытындыланған соң нақты шаралар қабылданып, тораптық жиындар барысында талқыланатын болады.