Мұнай жолы күрделі жөндеуден өтуде

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Құлсары-Мақат телімінде өткен аптаның соңында жолды сауықтыру жұмыстарына орай жалпы ұзындығы 16,132 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Жол телімі Атырау магистральдық желі бөлімшесінің Құлсары жол дистанциясына қарайды. Айта кетерлігі, ҚұлсарыМақат телімі – ең бір ауыр, салмақты жүк көп әрі жиі жүретін учаске. Өйткені «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты мұнай өндіруші Теңіз кенішінен шығатын мұнай өнімдерін, құрылыс құралжабдықтарын тиеген ауыр жүк вагондары көбіне осы телім арқылы қатынайды. Мақат бөлімше жүрегі саналғандықтан, сол тораптық станциядан вагондар қиыр-қиырға таралады. Сондықтан осынау аса маңызды телім – Мұнай жолының күрделі жөндеуден өтуі Атырау теміржолы үшін аса маңызды.

Дистанция басшысы Шамшиден Құрманбаевтан алған мәліметіміз бойынша, жол жөндеу жұмыстары күніне алты сағаттан – кешкі 6 мен түнгі 12 аралығында «толаскез» алып жасалуда. Нақты айтар болсақ, қазіргі уақытта 470-бекет – Байтерек станциясы аралығындағы 1283-1285 шақырымда жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал уақыттың кешкі мезгілге таңдалуы, көзіқарақты оқырман біліп отырғандай, өңірдегі алапат аптап ыстыққа байланысты. Шілденің ми қайнатар ыстығында жұмысты тек кешке бастап, түнгі 11-12-ге дейін жалғастырып отырған жол төсеушілердің еңбегіне баға жоқ.

– Аталған телімде жолды күрделі жөндеу жұмыстары мердігер мекемемен барлық технологияға сай жүргізілуде, ал соны дистанция мамандары күндіз-түні бірге жүріп қадағалап, жолдың сапалы жөнделуіне өз үлестерін қосуда. Жөндеу жұмыстары жүк және жолаушы пойыздарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында күніне 6 сағаттан «толаскез» алып жасалуда. Жобаны жүзеге асырушы – теміржолшыларға танымал және сенімді серіктес, бұрынғы «Жол жөндеуші», қазіргі «Integrа Conctruction KZ» ЖШС-нің Қызылорда филиалының ұжымы.

– Күніне шамамен бір шақырымдай жолды жөндеуден өткізуге күш салып отырмыз. Қазіргі жүк ағыны көбейіп отырған жағдайда қозғалыс жылдамдығы мен тасымал мүмкіндігін арттырып, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тарамдардың беріктігі мен орнықтылығын көтеріп, балласты қиыршық таспен, ағаш шпалдарды темір бетонмен ауыстырудамыз, – дейді дистанция бастығы Шамшиден Құрманбаев.

Жол құрылысы барысында әуелі ескі жолдарды алып тастап, орнын бульдозермен тазалап тегістейді.Содан соң 25 метрлік рельс торкөздері салынып, астына қиыршық тас төгіліп, орнықтырылады. Ал 25 метрлік рельс торкөздері Мақатта дайындалып әкелініп отырады. Төсемді нығыздау аяқталған соң, темірбетон шпалдар отырғызылады. Бірақ бұл да ақырғы жұмыс емес. Барлық жұмыс аяқталған соң, 25 метрлік рельстер алынып тасталып, олардың орнына 730 метрлік түйіспесіз ұзын рельстер төселеді. Жолды күрделі жөндеу жұмыстарына 20 шақты техника, яғни бульдозерлер, крандар, шебень төсегіш, нығыздағыш машина, т.б. пайдаланылуда. Сондай-ақ, 150-дей адам, олардың ішінде жол монтерлері, механизаторлар, бульдозершілер, кран

машинистері, арнаулы техника мамандары, т.б. бар. Сонымен қатар өңірдегі жол, электр, байланыспен қамту дистанцияларының еңбеккерлері де жолдың техникалық талапқа сай салынуына орай өз тараптарын бақылауда. Бағыттама бұрмалары, бағдаршам, байланыс құралдарының да ауыстырылуы қамтамасыз етілуде. Жұмысшыларды жатын орнынан жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеге тасымалдау, мезгілімен тамақтандыру үшін модульді вагондар, арнайы көліктер ұйымдастырылған. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде аталған Құлсары-Мақат телімі аралығында пойыздардың қозғалысына кедергі болған жоқ. «Толаскездер» телімде қозғалыс сиреген кездерге туралап алынып, жұмыс кестеге сай атқарылуда.