Кітапқұмар қыз: теміржолшы жыр жинағын шығарды

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылордадағы вокзал шаруашылығы инженері Мөлдір Ақышева мамандығы теміржолшы болса да әдебиетті қатты сүйеді, кітап оқуды жанындай жақсы көреді. Өзі де өнерден құралақан емес, жыр жазады. «Жүрек лүпілінен туған жырлар» атты алғашқы жыр жинағы да жарық көрген.

Отбасында ешкім теміржолшы болмағанымен нағашылары түгел аймақ теміржолының майталмандары саналады. Сондықтан бала кезден осы салаға қызыққан Мөлдір мектеп бітірген соң Қызылорда теміржол колледжінде тасымалды ұйымдастырушы мамандығына оқып, кейін Алматыдағы ҚазАТК-ға түсіп, жоғары білім алады.

Міне, 2009 жылдан бері аймақ теміржолының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. 2011 жылы ҚТЖ-ның ұйымдастыруымен астанада өткен «Теміржол аруы» конкурсына қатысып, барлық аймақтан жиналған 18 арудың арасынан жүлделі орын иеленіп, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталады. Сол жылы «Жүрек лүпілінен туған жырлар» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көреді.

Жасынан зерек, жаны нәзік Мөлдір қазіргі таңда аймақ бойынша өткізілетін мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүреді, мұндай жұмыстарға жасынан бейімделгендіктен қиындық тудырмайды, қайта оған шабыт сыйлайды екен. Мерекелерде, құрметті теміржолшылардың мерейтойында арнайы жыр жазып, оқып береді.

– Мектепте оқып жүргенде, кейін колледж, университет қабырғасында білім алып жүргенде де мәдени шараларды ұйымдастыруға көмектестім. Қазірде де әріптестеріммен бірге бөлімшедегі мәдени шаралардың бәрін жоғары деңгейде өткізуге атсалысқым келеді, жұмыстан босамай қалған күннің өзінде оларға қолдау көрсетіп, қуаттап отырамын, – дейді Мөлдір.

Ал әріптестері, жастар ғана емес, үлкен аға-апалары да «біздің ақын қызымыз» деп еркелетеді екен. Қолы қалт етсе, кітапқа үңіліп отыратындықтан сыртынан «Кітапқұмар қыз» деп те атайтындар бар.