Достық станцияның жүк айналымы құбылмалы

Станцияның өндірістік техникалық бөлімі берген ақпараттарға сүйенсек, Достық арқылы жалпы жүк айналымы іс жүзінде 114768 вагонды құраған. Былтырғыдан бұл көрсеткіш 6406 вагонға артық.

Өткен 5 ай ішінде аталған станция арқылы ТЖЫҰ, яғни темір жол ынтымақтастық ұйымының жоспарлы тапсырмасына сай 55847 вагон, яғни 3 млн 198 мың тонна жүк өткізу керек болса, іс жүзінде ол артығымен орындалып, Қытайға экспортқа 72 076 вагон, яки 3 773 259 тонна жүк жөнелткен. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл экспорттық жүктер тасымалы 9 341 вагонға, 599 040 тоннаға артқан.

Ал экспорттық жүктер транзитіне келсек, өткен 5 ай ішінде Қытайға 19 961 вагон жүк өткізілген. Ал былтыр осы аралықта өткізілген транзиттік экспорттық жүктер көлеміне қарағанда биылғы көлем 4 469 вагонға артық. Бұл дегеніңіз – 132 мың тоннадан астам жүк. Ал жыл басынан бері импорттық жүктердің келуі азайған. Биыл Қытайдан 42 692 вагонмен 1 млн-нан астам тонна жүк қабылданған. Былтырғымен салыстырғанда осы жылы импорт көлемі 2 935 вагонға кем. Теміржолшылар мұның себебін жүк түсіріп тиеуге бос вагондардың жетіспеушілігімен байланыстырады.

Ал импорттық жүктер транзитіне келсек, Қытайдан 31 547 вагон жүк өткен. Бұл транзит те біршама кеміген. Контейнерлер арқылы тасымалданатын экспорттық жүктердің көрсеткішінде өсім болса, контейнерлік импорттық жүктерде керісінше кему байқалады. Бұған қоса контейнерлік пойыздар экспорты Еуропа-Қытай бағыты бойынша 470 пойыз тапсырылған. Оның көбісі Еуропадан, 63-і Ресейден, одан аздауы Қазақстаннан және Өзбекстаннан болса, 1 пойыз Белоруссиядан. Биыл бұл көрсеткіш өсімі 96 пойызға тең. Сол сияқты контейнерлік пойыздар импорты да 33 пойызға артқан.