Жолшыларға жағдай жасалған

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Компания басшылығы қойған міндеттерді жүзеге асыру және бекітілген жоспарларды орындау мақсатында Атырау жол дистанциясы көптеген жұмыстар атқарып келеді. Биылғы жылдың 5 айлық көрсеткіштері бойынша пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі толық сақталған. Апатты жағдай, пойыздардың аударылуы, өндірістік жарақат, қиындықтар, басқа да келеңсіз оқиғалар тіркелмеді.

Бүгінде дистанцияда 713 адам еңбек етсе, соның 413-ін жолшылар құрайды. Дистанцияның бас инженері Жәнібек Жүнтүрбаевтың айтуынша, мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында жоспарлы техникалық сабақтар тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар түрлі жағдайлар мен оқыс оқиғаларға байланысты жеделхаттар уақытылы оқытылып, келесі кезекте мұндай жағдайлардың қайталанбау мақсатында жұмысшылардың білім деңгейін көтеруге жағдай жасалуда. Өткен 5 айда 57 адам білімін жетілдірген. Техникалық сабақ барысында қысқаметражды видеороликтер, ситуациялық схемалар міндетті түрде жұмысшылар назарына ұсынылады.

Инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, кеңейту, технологиялық процестерді жетілдіру мақсатында жол шаруашылығы бойынша өткен жылы 29,26 км жол күрделі жөндеуден өткен. Соның ішінде Атырау жол дистанциясына қарасты 496-Теңдік, ТаскескенҚарабатан, Атырау станциясының 3-3А жолдарына 12,90 км жолға күрделі жөндеу жасалды. Ал Құлсары жол дистанциясында 16,95 км жол салу керек болып, Бейнеу-рзд.460 аралығында 1039-1057 км жол аралықтарының ескі темір жолы түгел сыпырып алынып, орнына неміс технологиясымен жасалған ФОССЛО қапсырмалы темірбетонды шпалдар салынып бітті. Атырау-Мақат аралығында 12,3 км жол күрделі жөндеуден өтті.

Ал биылғы жылдың екінші жартыжылдығында Құлсары-Мақат аралығында 16,132 км жол күрделі жөндеуден өтеді. Жолдың сапасы балдық жүйемен өлшенетінін ескерсек, дистанцияда 5 айда жоспардағы 82 орнына 69 балл болып, 116 пайызға орындалған.

Жолдың сапалы жөнделуі жүк және жолаушылар пойызының жылдамдығына жағымды ықпал ететіні анық. Өткен 5 айда ескі рельстерді жаңасына ауыстыру бойынша 1 км орнына 2,5 км жолдың рельсі ауыстырылған. Орташа жол жөндеу 2 км түгел орындалған. Негізінен жаңғырту жұмыстары Сағыз-Мақат, Мақат-Атырау, Ганюшкино-Атырау учаскелерінде жүргізілуде. Жолдарды сауықтыру үшін барлығы 3385 дана ағаш шпалдар қойылып, 0,52 текше метр щебень төселген.

Міне, осындай жұмыстар барысында дистанцияда жол жөндеу бойынша жаңа машиналар кешені пайдаланылып, технологиялық процесс жетілдірілуде. Дистанция бойынша 28 ақаутапқыш арба бар. Олардың бәрі жарақты күйде, жұмыс істеп тұр. Ай сайын Сағыз-Мақат, Мақат-Атырау, рзд. Д.Нұрпейісова-Ганюшкино, Ганюшкино-Атырау учаскелерінің жолдары тексеріліп отырады.

– Жаһандық үрдістен қалмау үшін озық технологияларды қолдану – заман талабы. Сондықтан, теміржол саласында жаңа әдіс талаптарды қолдану кешенді басқаруды айтарлықтай алға жетелейтіні сөзсіз. Адам ресурстарына мейлінше аз салмақ түсіріп, басты басымдылықты техникамен сапалы жұмыс жасауға бөлу – басты ұстаным. Ауыр жүктерді көтеріп түсіруге (темірбетонды бұрмаларды, бағаналарды, шпалдарды, ауыр техникалардың қосалқы бөлшектерін) түсіруге КЖ562 маркалы краны алынды. Жейсмар фирмасының қол еңбегін жеңілдететін механикаландырылған рельстескіш, рельскескіш құралдары өте жақсы, жол жөндеушілер үшін таптырмас жабдық болып отыр. Бұрынғы рельстердің ұзындығы 25 метрлік болып бунақталып салынатын болса, қазіргі уақытта Ақтөбе рельс зауытынан дайындалған 725 метрлік түйіспесіз жолдар салынуда. ДУОМАТ, ДГС, ПБР машинасымен 335,7 км жол жөнделді.

Жалпы, Атырау жол бөлімшесі бойынша негізгі бағыттардағы тарамдардың бәрінде рельстер жаңаға ауыстырылды деуге болады. Станциялардағы қосалқы тарамдардың ескі рельстері де жоспар бойынша жаңалануда. Қазіргі жүк ағыны көбейіп отырған жағдайда қозғалыс жылдамдығы мен тасымал мүмкіндігін арттырып, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тарамдардың беріктігі мен орнықтылығын көтеріп, балласты қиыршық таспен, ағаш шпалдарды темір бетонмен ауыстырудамыз, – дейді дистанция бас инженері.

Дистанцияда жұмысшыларды тасуға арналған жол талғамайтын вахталық көлік алынған, ішінде жайлы жататын 8 адамдық орны бар, желдеткіші, ас бөлмесі, жуынып-шайынатын душы, электр тоғы қосылатын, теледидар, тозаңытқыш, автономды жылытқышы бар жайлы кешенді бірнеше модуль, өзі жүк түсіретін самосвал көлігі, дизельді отын көмегімен жүретін АС-5 темір жол көлігі, тамақ ішу, жатын бөлмесі бар «Путник» техникалары қызмет көрсетіп келеді. Аталған техникалар жұмысшылардың, жол қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, айтарлықтай жақсартқан. Арнайы тапсырысқа сай жұмысшылар жыл сайын киім, аяқ киім, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліп отырады. Биыл, мысалы, 302 төмен температурадан сақтайтын костюм алынып, таратылған, сондай-ақ 100 керзі етік, 730 жазғы костюм, 149 дана жылы етік, 120 каска, 20 белгі беру жалаушасы тағы берілген.