Темір жол көлігінің келешегі сөз болды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына темір жол көлігі саласының қазіргі даму жағдайы және келешегі туралы ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көліклогистикалық әлеуетін арттыру, экспорт және транзит тасымалдарын ұлғайту, көлік қызметінің сапасын жақсарту қажеттігіне назар аударды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Президентке 2019 жылдың 5 айындағы сала қызметінің қорытындылары жайлы ақпар берді, сонымен қатар Арыс қаласындағы төтенше жағдайға орай жүк пен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Компания басшысы сондай-ақ контейнерлік тасымал саласындағы жағдай, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар, операциялық іркілістерді азайту туралы мәлімет берді. Басқарма төрағасының айтуынша, Қазақстан темір жолы желісі бойынша бүгінгі таңда жүк айналымы өткен жылғы көрсеткішпен бірдей деңгейде сақталып, 89 195 млн тонна километрді құраған. Ал жолаушылар айналымы 2% артып, 5 518 млн жолаушы километрді құрап отыр екен.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысына бірқатар нақты тапсырмалар берді.