Қазақстан темір жолы саласына енгізілген цифрлық бағдарламалар

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Цифрландыру Қазақстан темір жолы саласына да сәтті түрде енгізіліп келе жатқан тиімді цифрлық бағдарламалар баршылық. Қағазбастылықтан арылу, жұмыс барысына қатысты мәлімет пен есептерді, маңызды құжаттарды рәсімдеу, оларды архивте сақтау, т.б. қызметтерді цифрландыру жүйесіне көшіру – уақыт талабы. 

Мысалы, Шымкент жол бөлімшесінде 2010 жылдан бері қолданыстағы ГИД Урал жүйесі жайлы айтар болсақ, тиімділігі сөзсіз, бірақ жетілдіруді қажет ететін тұстары да бар. Шымкент-Түлкібас учаскесінде атқарылған қозғалыстардың кестесін түзу үшін «Неман» орталықтандырылған диспетчерлік жүйесі арқылы СОБ құрылғысына сигнал келіп түседі. Алайда бұл жүйе қалған учаскелердегі пойыздардың қозғалысы туралы толық нақты мәліметтерді бере алмай отыр. Сонымен қатар, пойыздар қозғалысының орындалған кестелерін қағазсыз технологияға көшуге де біраз кедергілер келтіріп тұрған көрінеді. Қалған учаскелерде орталықтандырылған диспетчерлік жүйенің микропроцессоры пайдаланылмайды, сол себепті АСОУП жүйесінің мәліметі пайдаланылады.

Осы мақсатта НОДГП-9 пойыздардың қозғалысын қағазсыз жүргізу технологиясының кестесін енгізу үшін жұмыс тобын құрды. Көп ұзамай ГИД Урал жүйесі 32 жұмыс орнына қосылды. Атап айтқанда, диспетчерлік аппарат, ОРО бөлімі, АСУ, ПС, техбөлім, Арыс-1, Түркістан, Қазығұрт, Шымкент, Қызылсай, Түлкібас станцияларындағы қозғалыс қауіпсіздігі қызметтері цифрлық жүйеге қосылды.

ГИД Урал пойыз диспетчерлері жұмысты өткелдегі толаскез барысында жүргізеді. Алайда АБЖ бөлімінің басшысы Әскер Бақбергеновтің айтуынша, бұл жұмыстар Түлкібас пен Шымкент аралығында ғана жүзеге асырылады, ал қалған станциялардан СОБ-тан ГИД Урал жүйесіне сигнал келіп түспейді, ол үшін жоғарыда атап өткеніміздей, өзге станцияларға заманауи микропроцессор жүйесін орнату қажет екен.

«Қазіргі таңда ГИД Урал жүйесі ДУ-2, ДУ-3 журналы формасында жұмыстар жүргізуде. Ал есептерді журналға қолмен жазу уақыт өте келе ысырылып, барлығы да электронды форматқа ауысатыны сөзсіз», - дейді бөлім басшысы Әскер Әлімқанұлы.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін ШымкентҚазығұрт, Арыс-Түркістан, АрысСарыағаш, Шымкент-Арыс учаскелеріне МП АСДЦ жүйесін енгізуді жоспарлап отырған көрінеді.

Айта кетейік, 2017 жылы желтоқсанда Түлкібас, Қызылсай, Шымкент, Арыс-1 станцияларына АРМ ДСП жүйесі іске қосылған болатын.