Тактикалық оқу-жаттығу жиындары өтті

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Сипаты сан түрлі болып келетін тілсіз жаудың қашан және қай жерде бола қалатынын болжау да, тап басып айту да қиын. Бірақ алдын алуға болады. Жуырда Шу темір жол дистанциясына қарасты Шу және Сарышаған станцияларында өрт сөндіру құрылымдарының тактикалық оқу-жаттығу жиындары өтті.

Төтесінен келген тілсіз жаудың алдын алу, оған ұйымдасқан түрде тактикалық төтеп беру, жедел ауыздықтау машықтарын пысықтау мақсатында өткен тактикалық оқу жиынына Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі мен Жамбыл магистральдық желілері бөлімшесінің барлық құрылымдық мекемелері түгелге дерлік қатысты. Таңғы сағат 10.07-де Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Б.Ақшаловтың берген бұйрығымен өрт сөндіру пойызы жолға шығып, 500 метр қашықтықтағы Сарышаған темір жол бекетінде шартты түрде «тұтанған» өртті сөндіру шаралары басталып кетті. Машинист А.Жапаров пен оның көмекшісі С.Тілеуқабыловтың басқаруындағы ТЭМ-2 тепловозына тиелген №360 өрт сөндіру пойызы дабыл түскен уақыттан араға 21 минут салып төтенше жағдай орын алған жерге жетіп, қарқынын баспастан бір минут ішінде-ақ өртті сөндіруге кірісіп кетті. Барлығы жиырма адам жан таласа әрекет еткен оқу-жаттығу барысында өрт шалған аумақ қызыл жалыннан сағат тілі 10.58-ді соққанда «азат етілді».

Ал Шу станциясында өткен тактикалық оқу-жаттығудың тапсырмасы сәл күрделірек болды. Шартты түрде алғанда пиломатериал тиеген жабық вагон қызыл жалын құрсауында қалған. Өртке төзгісіз кесілген ағаш материалдардың қалай жанатыны көпшілікке мәлім. Сондықтан бұл жаттығуда жылдамдықпен қатар тактикалық кәсіби шешімдердің де ауадай қажет екені даусыз. Сондықтан мұндағы жаттығу шарасына қос бөлімшенің барлық құрылымдары жұмылдырылды.

Бөлімше директоры С.Ақшаловтың бұйрығын алған жауапты басшылар дереу Шуда тұрған өрт сөндіру пойызын жолға шығарады. 3 км қашықтықтағы өрт тұтанған нүктеге бұл №7137 пойыз 15 минутта жетіп барды. Екі минутқа жетер-жетпес уақытта вагонды шарпыған өрттің бетін қайтару ісіне қойып кетті. Әрекетке шапшаңдық пен тактикалық шеберлікті қоса отырып, жабық вагонды жалмап бара жатқан тілсіз жауды жиырма минутта жеңген өрт сөндіру пойызы қайтадан өз орнына аттанып кетті. Өрт сөндіру кезінде 4,5 тонна су мен небәрі 7 литр бензин ғана шығын болды.

Тактикалық оқу-жаттығу шарасына 23 адам мен 2 техника қытыстырылды. Жамбыл өрт қауіпсіздігі қызметінің бастығы Әбдісаттар Әбдіғаниевтің айтуынша, жаттығу кезінде ешкім зардап шеккен жоқ және техникалар мен өзге де бұйымдарға қауіп төнбеген. Алдағы уақытта мұндай жаттығу Тараз станциясы аумағында да өткізілмек. Бұл жолы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы өз техникаларымен көмекке келмек. Өйткені Тараз облыс орталығында орналасқан ірі темір жол бекеті болғандықтан, мұнда ғимараттар мен адамдарға төнетін қауіп осал болмауы мүмкін. Беті аулақ, сондай жағдай бола қалған жағдайда кәсіби түрде әрекет ету үшін өрт сөндірушілердің осындай оқу-жаттығуларда әбден машықтанғаны керек-ақ. Әйтсе де, «өртті сөндіргенше, болдырма» деген қағиданы ұстанып, тілсіз жаудың алдын алғанға не жетсін...