Теміржолшылар республикалық бәсекеден жеңіспен оралды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Бурабай қаласында өткен жазғы спорт түрлері бойынша республикалық бәсекеден Ақтөбе бөлімшесі жеңіспен оралды. Қазақстанның барлық қалаларынан он сегіз команда қатысқан айтулы додада өңір теміржолшылары екінші орынға қол жеткізді.

Бөлімшенің спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырханның айтуынша, ақтөбелік теміржолшы-спортшылар минифутболдан да екінші орын алған. «Минифутболдан әріптестеріміздің үздік ойын көрсеткенінің куәсі болдық. Марат Шәмпиев, Нұрсұлтан Тұраров, Қайрат Айтжанов, Мақсат Нұрмағамбетов, Ербол Медеуов және Айбек Жолдыбаев сынды теміржолшылар кәсіби ойыншылардан бір де кем емес ойын үлгісін көрсетті. Олардың әрқайсысы – бөлімшенің бір-бір мықтылары.Сонымен қатар, Қандыағаш локомотив депосынан қатысқан Раушан Жиенбаева мен Уақбай Тоғысов шахматтан командалық жарыста 2-орынды иеленсе, ерлер арасынан Уақбай Тоғысов 3-орын алды. Қызмет пен спортты қатар алып жүрген мамандарымыздың жетістігі мол», – дейді спорт нұсқаушысы.

Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан 1 мың метрлік дистанцияда бағын сынаған Никельтау жұмысшысы Айбек Жолдыбай 3-орын иеленген.

Ал әйелдер арасындағы жүгіруден ардагер теміржолшы Гүлшат Бижанова 1-орынға қол жеткізді. Ерлер арасындағы үстел теннисінен жүк тасымалы бөлімінен Ербол Медеуов 1-орынды иеленген.

Жеңімпаздар демалыс күні Ақтөбеге оралды. Әріптестері оларды пойыздан құшақ-құшақ гүлмен күтіп алып, қошемет көрсетті.