Дистанция жұмысы диспетчердің қолында

Олар – дистанция өміріне қатысты барлық ақпаратты бірінші болып еститін, басшылық пен жұмысшы персоналды байланыстырушы қызметтің иелері. Олар – керек кезінде шұғыл жағдайларда тез әрі тиімді шешім қабылдауға қабілетті, жауапты да жауапкершілігі жоғары мамандық иелері. Міне, осының бәрі диспетчерлерге тән қасиет десек, қателеспейміз.

 – Диспетчерлік қызмет – дистанция жұмысының негізін құрайды. Диспетчерлік аппарат – дистанцияның көзі мен құлағы. Негізінен бақылау функциясын атқарады. Барлық электрмеханиктер, электрмонтерлер, телім бастықтарының технологиялық процестер кестесін орындау бойынша жұмыстарын қадағалайтын осы дистпетчерлер, – дейді Астана сигнализация және байланыс дистанциясының аға диспетчері Ержан Иманбаев өз мамандығының қыр-сырымен таныстырып.

Дистанцияда аға диспетчердің қарамағында 4 диспетчер және бір талдаушы-анализатор бар. Бір ауысымда 3 адам қызмет етіп, тәулік бойы жалғасады. Олар пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кестенің орындалуы, одан бөлек жаңғырту, жаңа технологиялар енгізу бойынша бақылау жасайды. Пойыздардың тоқтап қалуы, құрылғылардың істен шығу себептерін зерттеу барысында көмектеседі.

Пойыз диспетчерлері, жолшылар, қозғалысшылар, энергетиктер және тағы басқа өндіріс басында жүрген теміржол қызметкерлерімен тікелей телефон арқылы байланыса отырып, өзара бірлікте жұмыс істейтін диспетчерлер кез келген түйінді мәселенің шешімін тауып, керек кезінде шұғыл шара қабылдайды. Сырттан келетін барлық хабарламаларды қабылдаушы ретінде олар телефон тұтқасында қашан да сақ және ширақ, сергек отыруға тиіс.

Бәріміздің басты мақсатымыз – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Пойыз диспетчерлері басқарады, біз қызмет көрсетеміз. Түнде бір оқыс оқиға болса, оны басшылыққа жеткізіп, қажет кезінде шұғыл шара қолданамыз. Яғни, біз қалай дейміз, элетрмонтерлер мен электрмеханиктер солай жасайды. Белгі беру, бағыттама бұрмаларының үздіксіз қызметін қамтамасыз етеміз. Кез келген жағдайға қатысты барлық ақпарат бірінші болып диспетчерге хабарланады, келген әрбір хабарлама бойынша арнайы журналға барлық мәліметтер тіркеледі, – дейді Ержан.

Оның айтуынша, ШЧ саласы бойынша диспетчерлік қызмет оңай емес. Бұл қызметке СЦБ мамандары, яғни сигнализация, орталықтандыру және блокировкалау бойынша білім алған, сонымен қатар жүйке жүйесі мықты, түрлі мінездегі адамдармен жұмыс істей білуге бейім, стреске шыдамды жандар келеді. Себебі жұмыс болған соң, әр адам әртүрлі болады. Солармен жеке мінез ерекшеліктеріне қарай қатынас орнатып, адамдарды керекті жеріне бағыттай алу, әрі сәйкесінше қатаң бақылау жасай алу қасиеттері қажет-ақ. Әр ай сайын қорытынды талдау жасау, өте көп ақпарат, жеделхаттар, инструкциялармен жұмыс жүргізу – Ержан секілді диспетчерлердің күнделікті жұмысы.