Жазғы жол жұмыстары қарқын алған

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінде Қазақстан темір жолының өн бойында жазғы жол сауықтыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Семей магистральдық желі бөлімшесінде бұл жұмыс бірінші кезекте ағаш шапалдарды темірбетонды үлгіге ауыстыру бағытында жүріп жатыр.

Осыған дейін магистральдық желі бойынша жалпы көлемі 1153,1 шақырым болатын бас жолдың тек 349,1 шақырымы ғана жаңа үлгіде, яғни, темірбетонды шпалдар қойылған. Бұл барлық жол көлемінің тек 30 пайызы ғана деген сөз. Ал қалған 70 пайыз жолға баяғы ағаш шпалдар төселген. Сәйкесінше оған жұмсалатын күтім де жоғары деңгейде жүргізуді қажет етеді. Тозады, желінеді, шіриді дегендей.

Бөлімше басшылығының жол сауықтыру ісі бойынша басымдық беріп отырған мәселесі де осы. Бұл орайда басты орында Дегелең – Семей және Аягөз – Ақтоғай телімдері тұр. Соңғы бес жыл көлемінде аталмыш телімдер бойын темірбетонды шпалдарға ауыстыру ісі күрт қарқын алған болатын. Бұл аумақтардың жалпы ұзындығы 604,3 шақырым десек, бүгінгі күндері соның 334,2 шақырымы, яғни, 55 пайызы темірбетонды шпалға ауыстырылды. Ал қалған 270,1, яғни 45 пайыз ағаш шпалдарды таяу жылдар аралығында бөлімшеге қарасты жол машиналарының көмегімен толықтай жаңалап алу көзделуде.

Соның ішінде биылғы жылғы бұл жұмыстардың ауқымдысы Дегелең – Жаңа-Семей аумағы болып отыр. Бұл телім бойынша 27,700 күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланды. Соның ішінде Талды-Жалпақ қумажолдары бір маусымның ішінде толықтай жаңа темірбетонды шпалдарға ауыстырылмақ. – Маусымның 25-нен басталуы жоспарланған шаралар үшін қазіргі таңда қажетті материалдар, 800 метрлік жұп рельстер мен шпалдар толық алынды. Ал, Аягөз – Ақтоғай телімі бойынша қолға алынған 6,800 шақырым аумақтың күрделі жөндеу жұмыстары сапалы орындалды. Бүгін-ертеңдері толық тәмамдалады. Мердігер мекеме Шар-ПМС «қамшы салдырған» жоқ, – дейді НЖС-6 мекемесінің жол бөлімінің бастығы Қайыргелді Ахметжанов.

Аталмыш бағыттағы жұмыстарды жыл сайын өз деңгейінде жүргізу үшін арнайы жоспар құрылып, соның аясында тыңғылықты түрде күрделі жөндеу жүргізілуде. Мәселен, осынау екі телімдегі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша биылғы жылғы межелі жоспар 34,2 шақырымды құрап отыр. Қазіргі болжам бойынша аумақтар 2022 жылы жаңартылып, ағаш шпалдар толықтай алынатын болады. Соның нәтижесінде пойыздың қозғалыс жылдамдығын сағатына 80/60-тан 140 шақырым сағатқа дейін арттыру мүмкіндігі туады. Бұл – «Тальго» пайызының тек осы телім бойындағы шекті мөлшері. Ал, жай жолаушылар пойызының жылдамдығы сағатына 120 шақырымды құраса, жүк пойыздары 80 шақырымдық жылдамдықпен жүйтки алатын болады. Ал бұл тиімділік бөлімшенің тасымал процесіне қатысты барлық көрсеткіштерін еселеп, үлкен табыс әкелері сөзсіз.

Жол сауықтыру ісінде күрделі жөндеу жұмыстары негізінен жергілікті «Шар-ПМС» мердігер мекемесінің көмегімен жүргізілуде. Ал биылғы жылға белгіленген орташа жөндеу және күшейтілген жөндеу жұмыстарын Семей, Жаңа-Семей және Аягөз жол дистанциясының жолшылары діттеген уақытынан бұрын бітіруде. Әйтсе де, Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша жазғы жол жөндеу жұмыстарының күрделілігі, табиғи-ландшафтылық әралуандылығына байланысты жазғы мерзімге қосымша жүздің үстінде жол монтерін жұмысқа алу қажеттілігі туындап отыр екен.