Екі ел арасы жақындай түспек

Өткен аптада Ташкентте өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысында қазақөзбек қатынасы үшін маңызды жаңалық айтылды.

Онда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстанның Премьер-министрі А.Ариповпен және «Узбекистон темир йуллари» АҚ басқарма төрағасымен кездесіп, Түркістан өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетіне қатысты бірқатар мәселелерді көтергені белгілі болды. Соның ішінде трансшекаралық ынтымақтастық және туризмді дамыту мәселелері талқыланып, нәтижесінде бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылған.

Атап айтқанда, екі облыс арасында туризм саласын дамыту туралы Ташкент облысының әкімдігімен меморандумға қол қойылып, оның аясында жалпы туристік маршруттар дамитын болады деп күтілуде. Ал «Узбекистон темир йуллари» АҚ басқарма төрағасымен кездесу барысында «Түркістан-Ташкент» жоғары жылдамдықты темір жол салу туралы сөз қозғалған. Түркістан мен Ташкентті жалғайтын жоғары жылдамдықты жол жобасы іске аса ма, жоқ па, ол – болашақтың еншісінде. Ал бүгінгі жетістік – екі ел байланысының тағы да бір сатыға көтерілгені дер едік.