Тараз станциясында жарыс жеңімпаздары марапатталды

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жоспарына сәйкес Тараз станциясында бөлімше құрылымдары арасында спорттың бірнеше түрінен жарыс басталғанын өткен айда хабарлаған болатынбыз. Жеңіс күніне орай жалауын көтерген бұл үлкен шара, міне, мәреге жетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Алдымен шахматшылар бәсекесі жарыс шымылдығын түрсе, волейболдан өткен ойындар да тартысты өтті. Ал сосын теміржолшылар үстел теннисі, жеңіл атлетика, кір тасын көтеру, дойбы және шағын футболдан сайысқа түсті.

Үстел теннисінен өткен тартысты бәсекеде өзінің бұл спорт түріне деген керемет ептілігін танытқан Владимир Белоногов (Тараз темір жол көлігі оқыту орталығы) бірінші орынды жеңіп алса, Райымбек Мәмбетов (НЖС-8) – екінші, Ринат Өтешов (зейнеткер, спорт ардагері) үшінші орынды иеленді.

Желаяқтар арасында өткен жеңіл атлетика да тартысқа толы болды. «Шын шеберге тұсау жоқ» демекші, қатысушылар топтан қара үзіп, дара шығуға қанша талпынса да, 1 шақырымдық дистанцияның мәресіне Жасұлан Айтқұлов бірінші жетті (Әскерилендірілген темір жол күзеті). Оның ізін ала Мадияр Кимбеков (Жамбылтранстелеком) мәре сызығын екінші болып кессе, үшінші орынның жүлдесіне Ақылбек Егеубаев (ТЧЭ-31) ие болды.

Кір тасын көтеруде небір бұла күш пен қара күштің жігіттері іріктеліп шықты. Намысқа тырысып, жеңісті қолдан бермеуге тырысқанымен бұл сында бақ сынаған жігіттердің бәрі бірдей үздік нәтиже көрсеткен жоқ.

Нағыз жігіттердің осы бәсекесінде ВЧДЭ-27 мекемесінің қызметкері Андрей Швалевтен ешкім асып түсе алмады. Дегенмен, екінші орынға тұрақтаған Бахыт Мамбетқұлов (НЖС-8) та өзінің «оңай шағыла қоятын жаңғақ» емес екенін дәлелдеді. Олжас Акишев (Тараз темір жол көлігі оқыту орталығы) қанжығасын үшінші орынның жүлдесімен майлады. Нағыз сабырлылар мен ойлылар ойыны дойбы сайысына келгенде үлкендер жағының бәсі биік болды. Бұл жолы теміржолшы зейнеткер әрі спорт ардагері Асқар Қырымбаевқа ешкім тең келмеді. Екінші және үшінші орындар ТЧЭ-31 теміржолшылары Азамат Ысқақов пен Ануар Ақылбековтің еншісінде кетті.

Спорт айлығының нүктесін қойған шағын футбол турнирінде жігіттердің шеберлігімен қатар, ынтымақ-бірлігі де сынға түсті. 15 команда бабы мен бағын сынаған бұл сайыста «Жамбылтранстелеком» командасы шеберлік танытып, бірінші орынның тұғырына көтерілді. Шу станциясының теміржолшылар командасы екінші орынды місе тұтса, «Қамқор-Локомотив» командасы үшінші орынға жайғасты.

Жарысқа белсене асталысқан барлық командалар алғысқа ие болып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ұйымдастырушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.