Атырауда еңбек қорғауға арналған семинар өтті

 «Қазтеміртранс» АҚ Атырау филиалында еңбек қорғау тақырыбы бойынша семинар өтіп, оған кәсіпорын жұмысшылары, медицина, еңбек инспекциясы мамандары қатысты.

Семинар барысында «Медикер-ПМ» ЖШС медициналық үйлестірушісі Жасұлан Нұрахунов «Мерзімді және ауысым алды медициналық тексеруден өту» тақырыбында баяндап, тексеруден өтудің түрлері, медициналық сақтандыру және оған жататын аурулар түрі, қандай жағдайда денсаулығы бойынша жұмысшы жұмысқа қосыла алмайды, қандай емдер алу қажеттігі, т.б. көптеген мәселелер туралы айтып, мазмұнды мағлұмат берілді. Ал Атырау мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Сырым Джабасов «Бақытсыз жағдайларды есепке алу және тергеу» тақырыбын сөз етіп, қандай жағдайда бақытсыз жағдай деп саналады, өндірістік жарақат алу, мүгедектікке шығарылу, еңбекке жарамдылығын анықтау, т.б. туралы мол түсінік берді.

Семинарға қатысушылар келген қонақтарға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. КТТ Атырау филиалынан өндірістіктехникалық бөлімнің жетекші инженер-технологы Әсел Ғалиеваның айтуынша, өткен бес айда филиалда жазатайым оқиға орын алмаған, жұмысшылар арнаулы киімдермен 100 пайыз қамтамасыз етілген, мекемеде техникалық сабақтар мерзімді өтіп тұрады.