Әуезхан Салықбаевтың 90 жылдық мерейтойын атап өтті

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Жақында М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжінде «Ұлы дала жастарының жаңғыру жолы» атты Құрметті теміржолшы, Социалистік Еңбек Ері Әуезхан Салықбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған студенттердің республикалық ғылыми-теориялық конференциясы болып өтті.

Әуезхан Салықбайұлы – өзінің туған жері Арыс қаласын түлетіп, сондағы заманауи зәулім үйлердің бой көтеруіне, теміржол саласын дамыту арқылы ел экономикасын көтеруге елеулі үлес қосқан, жүрегі «туған жерім» деп соққан азамат. Еңбек жолын қатардағы теміржолшы болып бастаған Әуезхан Салықбаев қаланың, облыстың Құрметті азаматы атанды. Ұзақ жылдар Арыс станциясын, Шымкент теміржол бөлімшесін басқарып, қала мен облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуына барынша мол үлес қосты. Орта буын және басшы теміржол мамандарын даярлауға айрықша назар аударды. Бүгінде оның шәкірттері Қазақстан темір жолының барлық жауапты телімдерінде жемісті еңбек етіп жүр.

«Әуезхан Салықбайұлы – Қазақстан теміржолында өзіндік орны бар, Шымкент, Арыс теміржолдарының дамуына елеулі еңбек сіңірген тұлға. Бұл есімнің Түркістан облысында ойып алар орны ерек. Елімізде теміржол саласының қалыптасуы мен дамуы Салықбаев сынды ардагерлеріміздің есімімен тығыз байланысты. Осындай ұлы тұлғаларды шәкірттерімізге үлгі етіп, ел үшін сіңірген еңбегін жас ұрпаққа дәріптеу – біз үшін үлкен құрмет», – деді колледждің тарих пәнінің оқытушысы Рахима Жапанова.

Конференцияда колледж және басқа оқу орындарынан келген студенттердің, магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері ортаға салынды. Бұл зерттеу жұмыстары болашақта еліміздің ғылыми әлеуетін көтеру бағытында табысты жиынтықтың бірі болады деп күтілуде.