Жолаушыға жәрдем: Атырауда ауруға қарсы оқу-жаттығу өтті

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

«Жол азабын жүрген білер» дегендей, жолда әр түрлі жағдайлар болып жатады. Әсіресе, ауырып қалған жағдайда қиын. Сондайда жедел жәрдемнің көмегі аса қажет.

Атырау вокзалына тоқтаған №314 «Маңғыстау – Атырау» пойызының №5 вагонындағы бір жолаушы жолсеріктен медициналық көмек сұраған. Ескене станциясынан өткеннен соң жолаушының жағдайы нашарлап, шөлдеу, әлсіздену, бұлшық еттерінің ауруы, жүрек айнуы, лоқсып құсу, іші ауруы шағымдары бойынша науқасқа алғашқы медициналақ көмек көрсетіліп, аурудың белгілеріне қарап оған «тырысқақ» деген диагноз қойылды. Пойыз Атырау станциясына тоқтағанда оны алдынан арнайы медициналық көліктер мен басынан аяғына дейін ақ киіммен тұмшаланған дәрігерлер күтіп алды. Жолаушылардың бәрі түскен соң тырысқақ ауруына күдікті анықталған №5 вагонның айналасына желілік ішкі істер бөлімшесінің қызметкерлерімен шектеу шекарасы қойылды.

Алдымен вагонға кеңесшілер тобы кіріп, науқастың клиникалық шағымдарына қарап, оған қойылған «тырысқақ» диагнозы расталды. Эпидемиолог-дәрігерлер мен зертхана мамандарынан құралған топ науқастан эпид-анамнез жинап, індетке қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Науқасты оқшаулауға ауруханаға жолдама беріліп, науқасты зембілге салып, жедел жәрдем көлігімен алып кетті. Атырау теміржол вокзалында осындай оқу-жаттығу шаралары өткізілді. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы, темір жол ауруханасының дәрігерлері, вокзал қызметкерлері мен жолсеріктер қатысты.