Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны – Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. 300-ге жуық адам еңбек ететін аталған кәсіпорынның игілігін аудан ғана емес, темір жол мекемелері де көруде. Мекеме ұжымы бірнеше жыл қатарынан өндірістік-шаруашылық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Салалық жарыстың жеңімпазы» дәрежесіндегі дипломдармен марапатталды.

ЖҰМЫС БІРНЕШЕ БАҒЫТТЫ ҚАМТИДЫ

Кәсіпорынға барғанымызда бізді бас инженер Тұрғынбек Әденов күтіп алып, мұндағы тыныс-тіршілікпен толық таныстырып шықты. Оның айтуынша, кәсіпорын өз қызметін екі бағытта көрсетеді. Яғни, жеделхат бойынша тапсырыс түскен жерге барып рельстерді жөндесе, күрделі жөндеу кезінде осы жерден қажетті рельсті дәнекерлеп, нысанға дайын күйінде жеткізеді. Мұндай кәсіпорын елімізде әзірге екеу-ақ. Оның біреуі Бурабайда. Зауыттың стационарлы машинасында мамандар 4 ауысыммен жұмыс істейді. Ал ПРСМ техникасы вахталық әдіспен айына 15 күнге жолға шығып, 15 күн демалады. Кәсіпорын бұдан бөлек қолданыстан шыққан, бірақ жарамды рельстерді де дефектоскоппен тексеріп, ақауын анықтап, өңдеп, керек болса кесіп, дәнекерлеп, қайтадан пайдалануға жібереді.

– Қазақстанда екі ғана осындай кәсіпорын болғандықтан, жұмыс көлемі көп, ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде қарқын алады. Мәселен, былтыр Түлкібаста 60 шақырымдай, Жамбыл дистанциясында 30-дан аса шақырым жөнделген болатын, соның рельстерін біз дайындадық. Былтыр 323,5 шақырым жолды дәнекерлеуді жоспарлап, оны артығымен орындадық, нақтысы 326,5 шақырым жол болды. Жалпы, былтыр барлық көрсеткіштерді артығымен орындай алдық. Бұрын ресейлік өнімдерді алып келсек, үш жылдан бері өзіміздің отандық рельстерді пайдаланып келеміз. Ақтөбе рельсарқалық зауытынан 100 метрлік, 25 метрлік рельстерді сатып аламыз. Кейде тапсырыс бойынша 120 метрге дейін ұзартуымыз мүмкін. 100 метрлік рельстерді Компания тапсырысы бойынша 800 метрге дейін ұзартып, жан-жаққа жібереміз. Ол үшін рельстерді еліміздің кез келген аймағына тасымалдауға арналған үш арнайы құрам бар. Және де екі балқытушы колоннасы мен 7 ПРСМ еліміздің кез келген нүктесіне барады, ал стационарда 2 линия жұмыс істейді. Оның бірінде украиналық К-1000 атты 2003 жылы алынған дәнекерлеу машинасы тұр. Жуырда тағы бір К-1100 машинасын сатып алып, оны ресейлік ескі қондырғының орнына орнаттық. Келісім бойынша екі маман келіп, өздері іске қосып, 8 жұмысшымызды оқытып кетті. Шамамен оған 250 миллион теңгедей қаржы жұмсалды, – дейді Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының бас инженері Тұрғынбек Әденов.


ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Кәсіпорында санитарлық, тұрмыстық жағдайдың бәрі жасалған. Еңбек қауіпсіздігі басты орында. Арнайы киімдермен жабдықтау да қатаң бақылауға алынған. Зиянды жағдайда жұмыс істейтін жұмысшылар сүтпен қамтамасыз етілуде. Өйткені, мұндағы жұмыс ауыр әрі кәсіпорын іші шулы болып тұратыны бірден аңғарылады.

– Бұл жердің зияндылық деңгейі аттестация кезінде анықталып, қаншалықты сүт берілетіндігі соған байланысты бекітілген. Еңбек қауіпсіздігін еске салып тұратын аншлагтар бәрі орнында, үгіт жұмыстары да нормативтік құжаттарға сай жүргізіліп тұрады. Жұмысшылардың құқын қорғап, сөзін сөйлейтін орган – кәсіподақ ұйымының да жұмысы қалыпты жүріп тұр. Бізде өндірісте болатын жарақаттарды азайту басты орында. Сол себепті жұмыс орнына кіреберіс есіктің қасында үлкен айна тұрады. Оған қараған жұмысшы айна астындағы «Бүгін қауіпсіздік, сақтық шараларына жауапты адам – осы» деген жазуды оқиды. Мұндай психологиялық әдістер де көп жағдайда көмегін тигізері анық, – дейді бас инженер.

Расында 400 вольттық электр тогы күшімен түрлі қара металл мен түсті металдың қосындысынан құйылған болаттай берік рельсті 1200-1300 градусқа дейін балқытып, дәнекерлеу жұмыстары адам өміріне қауіпті екенін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Оның үстіне, мұнда күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген техника мен технология емес, күрделі электр контактілі дәнекерлеу технологиясы қолданылады.

ДӘНЕКЕРЛЕУ МАШИНАЛАРЫ – КӘСІПОРЫН «ЖҮРЕГІ»

Бас инженер бізді кәсіпорынның нағыз жүрегіне, яғни рельсті керек ұзындығы бойынша кесіп, дәнекерлейтін стационарлы машиналарға әкелді. Мұнда украиналық екі дәнекерлеу машинасы, яғни екі желі жұмыс істейді. Машиналардың біреуі биыл ғана келген. Алғаш украиналық Кахов электр дәнекерлеу құрылғылары зауытымен 2003 жылы байланыс орнатып, сол жылы К-1000 машинасын сатып алса, он бес жылдан кейін осы зауыттың тағы бір өніміне «құда» түсіпті. Бұл зауыттың дәнекерлеу машиналарын Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ, Қытай, Ресей сынды алып темір жол державалары да тұтынып келеді екен. Ал бұл жолғы К-1100 жаңғыртылып, қашықтан басқару жүйесімен жарақтандырылыпты. Яғни, ол машинадан қандай да бір ақау шықса, ол үшін мамандар Псков қаласынан сабылып келмей, интернет байланысы арқылы-ақ ақауды анықтап, диагностикасын жүргізіп, жөндей береді. Ең бастысы – мұндағылар «Help» белгісін берсе болғаны. 2003 жылғы машина К-1000 деп аталса, соңғы үлгісінің К-1100 деп аталуынан-ақ, алып дәнекерлеуші техниканың қаншалықты жетілдірілгенін аңғаруға болады. Стационардағы қос машина да компьютермен басқарылады. Адам қолымен тек рельстерді дұрыс түйістіріп, компьютердің «тышқанымен» қажетті команданы енгізу жұмыстары атқарылады.


Рельс жоғары кернеулі электр тогы арқылы балқытылатын болғандықтан, мұнда технологиялық қауіпсіздік қатаң қойылған. Құрылғылар токты жерге тұйықтау жүйесіне қосылған. Бір желінің ұзындығы – 225 метр. Оның әрқайсысында 12 адам жұмыс істейді. Келесі барған нысанымыз – желінің ең соңындағы дефектоскоп бөлмесі. Оған жеткенше 1300 градусқа дейін ысыған рельс француздық құрылғымен салқындатылып, одан өткен соң шлагтар тазартылып, дәнекерленген жері тегістеледі екен. Ал дефектоскоп бөлмесінде дәнекерленген жерде ақау бар ма, жоқ па, оны ультрадыбыстық құрылғымен «жаңғырық» әдісі арқылы тексереді. Ал дефектоскопист маман арнайы жабдықталған бөлмеде бар шаруаны бақылап отырады. Мұнда дефектоскопист Рыскүл Молдалиеваның украиналық Рельс-6 аппаратымен жұмыс істеп жатқанын көрдік. Бір ауысымда шамамен 2223 түйіскен жерді тексереді екен. Екі желінің өз дефектоскопы бар. Осы жерден аман шыққан рельс әрмен қарай арнайы вагондарына тиеліп, діттеген жеріне жеткізіледі. Ал сыртта дайындау цехында Ақтөбеден жаңадан келген 100 метрлік рельстерді жинау және 25 және 12,5 метрлік етіп кесу жұмыстары жүріп жатты. Он екі жарым метрлік рельстер, рельстің жалпы ұзындығын 800 метрге жеткізетін кезде ортасына жіберуге қолданылады екен.

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДА

– Мен жұмысқа келген 1996 жылы мұнда 55 қана жұмысшы бар еді. Қазір 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Ол кезде дәнекерлеу аппараттары тіптен ескі болған. 1 ғана ПРСМ машинасымен жұмыс істеп келдік. Қазір ол машинаның саны 7-ге жетті, – деп бас инженер кәсіпорын әлеуетінің артып келе жатқанынан хабардар етті. Кәсіпорында жұмыс наурыз айынан бастап қыза түседі. Сол қызғаннан қара күзге дейін тыным таппайды. Тіпті, кей жылдары жұмыс желтоқсан айына барып бір-ақ тоқтайды екен. – Мына рельс жинайтын бастырманы екі жыл бұрын өзіміз тұрғыздық. Қазір мұнда 47 шақырым рельс жатыр. Жалпы, бұл аумаққа 80 шақырым рельс сыяды. Қазір Ақтөбе рельс шығарып жатса, біз соны тасып алып жатырмыз. Өйткені жаңа жұмыс маусымы басталды. 4 шақырым жолды екі-ақ күнде дайындап береміз. Сондықтан біздегі жұмыс тоқтап қалмауы үшін, қор жинауға жыл басынан қамдана береміз, – дейді Тұрғынбек Қожабекұлы.

Біз кәсіпорын аумағын аралап жүріп ескі рельстерді де дәнекерлеу желісіне дайындап жатқан жұмыстың үстінен түстік. Қолдарындағы пульттік көтергіш құрылғыны басқарып жүрген мамандар біз кеткенше бір тынған жоқ. Өйткені дәл қазір – жұмыстың қызып тұрған шағы. Кәсіпорын былтыр 12 жас маманды жұмысқа алыпты. Бұл бағыттағы жұмыс жыл өткен сайын жалғаса беретіні сөзсіз. Еңбеккерлердің орташа жалақысы көңіл көншітерлік. Жұмысшыларды ынталандыру мақсатында көтерме сыйақы беру жүйесі де жолға қайылыпты. Сонымен қатар былтыр емдеу-сауықтыру орындары мен санаторийлерге 23 адам барып келсе, осында жұмыс істейтін отбасылардан 9 бала Тараздағы «Болашақ» лагерінде демалып қайтыпты. Сондайақ, бала тууына, өздерінің немесе жақындарының ауырып қалуына, туыстарының қайтыс болуына және де отбасы, мүгедектерді қорғау, балаларды қорғау, білім күндеріне орай да қаржылай материалдық көмек қарастырылған.