Қазалы жол дистанциясында өткелдер жіті бақылануда

Жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау шараларын арттыру мақсатында Қызылорда ЖТ бөлімшесінде бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Жаз маусымы басталғалы өткелдерді тексеру, бақылау жұмыстары қарқын алып, рейдтер ұйымдастырылуда.

Қазалы жол дистанциясының бастығы Ахметғани Нұржановтың мәлімдеуінше, мұның бәрі жеке құрам мен пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр. Он бір күзетілетін теміржол өткелі бар Қазалы жол дистанциясы бойынша өткен жылдың сәйкес мерзімінде және биылғы жылдың 4 айында темір жол өткелдерінде жол-көлік оқиғалары тіркелмеген. Бұл – дистанция теміржолшыларының күні-түні ауысымдық жұмыстарды қырағы жүргізіп, тосын оқиғаларға жол бермегенінің айғағы болса керек. Оның үстіне бөлімше мен дистанция басшылығы тарапынан жүргізілетін күнделікті, апталық және әр айда өткізілуі міндеттелген бақылау жұмыстары да жолшылардың сауысқандай сақ болуын талап етіп, оларды қырағылыққа дағдыландыратыны даусыз. Теміржолшылар өткелдерде қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында автокөлік жүргізушілеріне, жаяу жүргіншілерге теміржолдың аса қауіпті аймақ саналатынын, оның бойында өте сақ болуға мән беру керектігін түсіндіріп, насихат жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

– Қазіргі таңда дистанция бойынша әр айда кемінде екі мәрте теміржол өткелдерінде дистанция қызметкерлерімен рейдтер жүргізіледі, рейд барысында ағымдағы жылдың сәуір айында автокөліктердің өткелдерден өту ережесімен 619 жүргізуші таныстырылды. Ал өткен жылдың сәуір айында 646 жүргізуші таныстырылған болатын. Жалпы, ережемен биылғы жылдың 4 айында барлығы 2490 автокөлік жүргізуші таныстырылса, өткен жылы 2388 жүргізуші құлағдар болған. Биыл дистанция телімдеріндегі темір жол өткелдерінде сәуір айында 11 мәрте, 4 айда 44 рейд жүргізіліп, тағы да түсіндіру жұмыстары жасалды, – дейді Қазалы жол дистанциясының бастығы Ахметғани Нұржанов.

Жасыратын несі бар, кейде теміржол өткелінен өткен жекеменшік автокөлік жүргізушілерінің ескерту шараларына мән бермейтін сәттері болып тұрады екен. Өкінішке орай, жол-көлік оқиғаларын жасайтын да солар екені белгілі. Ондай кезде бұрынғыдай емес, тәртіп бұзған жүргізушіге қатысты құжат толтырылып, тиісті органдарға жөнелтілу жайы да қатаңдатылған көрінеді. Биылғы сәуір айында 4 автокөлік жүргізушісі теміржол өткелінде жол жүру тәртібін бұзғаны үшін МАИ қызметкерлеріне 2 мәлімдеме жолданған. Ал 4 ай ішінде 13 автокөлік жүргізушісінің теміржол өткелінде жол жүру тәртібін бұзғаны үшін МАИ қызметкерлеріне 7 мәлімдеме жолданыпты. Өткен жылы дистанция бойынша сәуір айында 3 автокөлік жүргізушісі, ал 4 айда барлығы 12 автокөлік жүргізушісі темір жол өткелінде жол жүру тәртібін бұзғаны үшін МАИ қызметкерлеріне 6 мәлімдеме жолданған.