Қырағылыққа құрылған қызмет

Маңғыстау вагон пайдалану депосының 29 теміржолшысы осы жылдың өткен бес айында салдары ауыр болуы мүмкін апатты оқиғалардың алдын алды.

Олардың ішінде 8 вагоншы «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы атынан марапатқа ие болса, 21 вагоншының марапаты қазіргі таңда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ деңгейінде қаралу үстінде.

Депо директоры Сәрсенбай Есенқұловтың айтуынша, жүк және жолаушылар вагондарынан анықталуы қиын ақаулар вагон қараушылардың өз қызметтік міндеттерін орындау барысында вагон қарау тәртібін дұрыс орындап, өз кәсібіне деген жоғары жауапкершілік танытуларының арқасында анықталуда.

Қауіпсіздікті нығайта түсу үшін ақауларды анықтауда, жарамсыз вагондардың жүрісіне жол бермеу үшін вагон шаруашылығында сонымен қатар түрлі айлық шаралар өткізіліп отырады. Мәселен, сондай 4 айлық шара былтыр желтоқсаннан басталып, биыл сәуір айына дейін жалғасқан еді. «Бүйір рамасын бақылау» деп аталған шара барысында ВЧД-33 мамандары 10 вагон ақауын тапты. Соның үшеуі бүйір рамасына, КВЗ-И2 арбасына, ЦМВ-ға қатысты болды. Айлық кезінде қырағылығымен көзге түскен жұмысшылар «ҚТЖ-ЖТ» АҚ тарапынан «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісіне ұсынуға жолданды.

Вагондарға техникалық қызмет көрсету барысында, сонымен қатар оларды техникалық қызмет көрсету қосынына тиеуге беру кезінде арбалардың құйылған бөлшектері ерекше мұқият қаралады, әсіресе тозуға төзімді элементтердің орнатылған тұстары, R-55 радиуста «А» аймағынан «Б» аймағына өтуге толық көңіл бөлініп тексеріледі.

Биыл жыл басынан бері депо бойынша 583506 жүк және 63578 жолаушылар пойызы жүріп өтіпті. Тиеуге 8813 жабық вагон, 159 платформа, 6033 ашық вагон, 3507 басқа да вагондар берілген. Бейнеу телімінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан сол жақтағы техникалық қызмет көрсету қосыны жұмысшылары ТО-3 көлемінде техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар аталған телімде көлемді ағымдық ағытып жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, бес ай ішінде ағымдық ағытып жөндеу түрінен 193 вагон өткен, оның ішінде 33-і жабық вагон, үшеуі платформа, 53-і ашық вагон, 19-ы цистерна болса, қалғандары 85 вагон.

– Біздің депо қызмет көрсететін аумақта 4 бағытта халықаралық түйісу нүктесі бар. Олар – Құрық порты, Ақтау порты, Болашақ станциясы және Қарақалпақстанмен шекара нүктесі. Жыл басынан бері Қарақалпақстан нүктесі бойынша 175 пойыз жіберіліп, 137 пойыз қабылданды. Ал Болашақ станциясы арқылы 169 пойыз өткізіліп, 147 пойыз келді. Сол сияқты Құрық порты арқылы 175 паром, яғни 4551 вагон тапсырылып, 150 паром, яки 5437 вагон қабылдап алдық, – дейді депо директоры.