Шымкент теміржолшылары арасында спорттан жарыс өтті

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту қағидасын теміржолшылар бұлжытпай ұстанып келеді.

Өткен сенбіде Сарыағаш қаласында Шымкент теміржолшылары арасында спорттан жарыс болып өтті. Жарысқа алты команда қатысты. Олар шағын футболдан, шахматтан, үстел теннисінен өзара бақ сынасып, мықты командаларды анықтады.

Сарыағаш шипажайының спорт алаңында өткен жарысқа теміржолшылар белсенді қатысқаны байқалады. Мини футболдан өткен шаршы алаңдағы додадан 3-орынды Сарыағаш станциясы техникалық бақылау пунктінің командасы, 2-орынды Сарыағаш станциясының командасы алды. Ал жүлделі бірінші орынды Арыс станциясының ШЧ-38 командасы жеңіп алды. Айта кетейік, Сарыағаштағы спорттық сайысқа Арыс станциясынан ШЧ-38 және ТЧЭ-33 командалары да келді.

Ал үстел үсті теннисінен өткен сайыста Сарыағаштың техникалық бақылау бекетінің құрамына тең келер қарсылас болмады. Шахматтан да Сарыағаш станциясы алға озып шықты.

«Аталған шараны ұйымдастырып, оның өткізілуіне көмек берген және белсене қатысқан Сарыағаш станциясының және Түркістан станциясының локомотив депосы мен Арыс станциясының байланыс-белгі беру дистанциясы басшылығы мен ұжымын ерекше атап айтқым келеді. Жарысқа қатысқан барлық теміржолшылардың көңіл-күйі көтеріңкі, сергек болды. Теміржолшылар өз кезегінде осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұрғанын қалайтынын жеткізді. Себебі, мұндай жарыстар теміржолшыларға оң әсерін беріп, сергектік сыйлап, күнделікті жұмысына шабыттана кіріседі», – дейді НЖС-9 спорт бойынша ұйымдастыру нұсқаушысы Елена Маньшина.

Жарыс соңында барлық жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды.