Теміржолшыларға арналған ғылыми-практикалық семинар өтті

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінде «ҚТЖ-ЖТ» АҚ Сандық технология департаментінің директоры И.Савушкинаның басшылығымен «Станция және локомотив пайдалану деполарының автоматтандырылған басқару жүйесінің (АСУ) тиімділігін арттыру, оңтайландыру» тақырыбымен екі күндік ғылыми-практикалық семинар өтті. Семинарға Қызылорда ЖТ бөлімшесінің директоры А. Арысбаев, директордың АБЖ жөніндегі орынбасары А. Ерманов қатысып, кіріспе сөз сөйледі.

Компанияның орталық аппараты өкілдерінен бөлек, Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды бөлімшелерінен теміржолшылар қатысқан ғылыми-практикалық семинар-тренинг екі күнге созылды. Басқосудың алғашқы күнінде әр бөлімшенің және орталық аппарат өкілдерінің баяндамалары оқылды, ал келесі сатысында топтопқа бөлінген теміржолшылар өзара практикалық шыңдалу сабағына кірісті, мұнда әр бөлімшенің өзіндік жобалары түзіліп, оның тиімділігін, пайдасы мен кемшілігі, артықшылығы дәлелденіп, жобалар қорғалды.

Семинарға қатысушылардың жинақылығын, жылдамдығын, ұйымшылдығын, бірлігі мен оқыс жағдайларда оңтайлы шешім таба білу қабілеттерін, топпен жұмыс жасау ерекшеліктерін анықтауға бағытталған жобалар бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктерімен тәнті етті. Екі күндік семинарға бес бөлімшеден 80-нен аса теміржолшы қатысып, білім-білігін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдаумен қатар ғылыми-практикалық тағылым алды.


Семинар кезінде бес бөлімшенің теміржолшылары өздерінің жобаларын әзірлеп, оның пайдасын, ұтымдылығын, тиімділігін жан-жақты түсіндіріп, тыңдаушылар назарына ұсынды, талқыға салды.

– Компания басшылығының ұйғарымымен бұл семинар біздің бөлімшеде алғаш рет өткізіліп отыр. Ғылыми-практикалық семинарда біздің бөлімшенің теміржолшылары «Транзит коридоры» жобасын әзірлеп, онда Қытай елінен Еуропаға тасымалданатын жүк нөпірінің ең тиімді жолы біздің еліміз арқылы өтетін транзиттік жол екендігін дәлелдей білдік. Бұл транзиттік дәліздің өзге коридорлардан тиімділігін жан-жақты түсіндіріп, жобамызды АБЖ бөлімінің жетекші маманы Бақыт Алмағанбетова сәтті қорғады. «Транзит коридоры» жобасының Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға, Түркия мен Иранға тасымалданатын транзитті жүк тасымалының тиімді жолы екенін дәлелдеу арқылы болашақта оның көлемін ұлғайту мүмкіндігі, жалпы жоба тиімділігі барлық семинарға қатысушылар алдында мақұлданып, біз жүлделі екінші орынға ие болдық, – дейді Қызылорда ЖТ бөлімшесі директорының АБЖ жөніндегі орынбасары А.Т.Ерманов.

Сондай-ақ, тиімді жобаларымен көзге түскен ақтөбеліктер 3-орынға ие болса, жүлделі 1-орынды шымкенттік теміржолшылар алды. Сонымен қатар әр бөлімшенің үш-төрт теміржолшысына семинардың белсендісі номинациясы дипломы мен естелік сыйлықтар табысталды.


– Мен бүгінгі семинарға қатысқаныма өте қуаныштымын. Пойыздардың уақытылы қабылдануы, локомотив жұмысын тиімді пайдалану, АСУ жұмысы сандық технология сапасын жетілдіру, форматын кеңейту, жүк тасымалына қатысты құжаттандыру, рәсімдеу жұмыстарының озық тәжірибелерін үйрендім», – деп әсерімен бөлісті арнайы дипломмен марапатталған Қызылорда локомотив пайдалану депосының технигі Қ.Камиллаев.

Биыл екінші мәрте өткізілген ғылыми-практикалық семинарда тест сұрақтарына жауап беріп, өздерінің әзірлеген жобаларының тиімділігін дәлелдеп, сан түрлі оқыс жағдайларда оңтайлы жол таба білу дағдысын меңгерген қатысушылардың қайқайсысы да мол олжамен оралғаны анық.

– Өткен жылы өткізілген семинар қорытындысы бойынша оның тиімділігі байқалып, биыл да жалғастыруға сұраныс жасалған болатын. Осы сұраныс негізінде арнайы жоба әзірленіп, биылғы семинарды Қызылордада өткіздік. Қатысушылар семинар барысында баяндамалар тыңдады, жобалар әзірледі, тест сауалдарынан өткізілді, үй тапсырмасын орындап, түрлі шыңдалу дәрістерінен өтті. Семинарды жақсы ұйымдастырған қызылордалық әріптестеріме алғыс айтамын, – деді Сандық технологиялар департаменті ақпараттандыру және цифрлы функционал бағытының цифрлық технологияларды енгізу тобының 1 дәрежелі менеджері Шолпан Крекешова.