Қытайдан Қазақстанға газ құбырлары тасымалдануда

Достық станциясы арқылы Қытайдан Қазақстанға газ құбырлары тасымалдануда. «Сарыарқа» газ құбыры мемлекеттік жобасын жүзеге асыру мақсатында, «Самұрық Қазына» АҚ жобасы аясында диаметрі 820 мм және 1067 мм, ұзындығы 11670 мм, біреуінің салмағы 2860 кг болатын газ құбырларының тасымалы биыл сәуір айында басталды.

Қытай зауыттарында жасалып, Достық станциясы арқылы қазақстандық құрылыс компанияларына жөнелтілетін жүк аталған станцияда түсіріліп, қайта тиеледі, айына 1200-1500 ашық вагонмен тасымалдануда. Достық станциясының жүкті бекіту және тиеу сызбасын қарау және жасау бойынша зертхананың бірінші санатты инженер-технологы Данияр Бимашевтің айтуынша, тасымалды вагондармен қамтамасыз етумен «Қазтеміртранс» АҚ айналысады, жүктің негізгі көлемі «Кедентранссервис» АҚ күшімен тасымалданады. Өзі әрі сызба жасаушы болып қызмет ететін ол жүктің дұрыс тиелуін қадағалайтынын, құбырлардың өлшемін қарайтынын, сызбаға сәйкестігін тексеретінін, құбырлар ұзындығы вагондарға сай келетінін назарға алып отыратынын жеткізді.

– «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ-ның жоғарыдағы аталған еншілес ұйымдары және кедендік органдар мен шекара қызметінің бірлесе атқаратын жұмыстары арқасында құбырлар тасымалы жоспардағыдай жүзеге асырылуда. Достық станциясынан тәулігіне шамамен 75-85 вагон өтуде. Сондықтан жүк қабылдап алу, жөнелту жұмыстарын реттеп отырған теміржолшыларға алғыс білдіреміз, – деді IFC COLOS ЖШС теміржол тасымалы бойынша менеджері Альфия Жармұхаметова.