Ақтау порты – Германия көрмесінде

Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Германияның Мюнхен қаласында өткен «Transport Logistic – 2019» атты ірі көрмеге қатысты.

Порттың коммерция жөніндегі басқарушысы Мартин Воетман аталған көрме барысында қазақстандық порттың өзіндік артықшылықтарын еуропалықтар назарына ұсынды. Тең құрылтайшысы Ақтау порты болып табылатын «Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығының өкілдері көрмеде өздерінің жеке көрме стендін ұйымдастырған. Бұл стенділерде Ақтау портының да өткізу мүмкіндіктері паш етілді.

Көрменің алғашқы күндерінде көптеген қызықты іскерлік кездесулер өткізіліпті. ТХКБ қауымдастығы Ұлы Жібек жолының пайда болуы және Қытайдан Еуропаға бағытталған көліктік бағдардың дамуы атты тақырыптар шеңберіндегі конференцияларда таныстырылымдық материалдарын әзірлеген. Соның барысында да Ақтау портының Қазақстанның маңызды көлік хабі ретіндегі ролі сөз етіліпті. Бірнеше халықаралық көліктік дәліздер тоғысқан жерде орналасқандықтан, порттың шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және керісінше Иран, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан бағытында жылдың барлық күнінде, тәулік бойына үздіксіз шикі мұнай, мұнай өнімдері, құрғақ жүктерді тасымалдауды қамтамасыз етуде мүмкіндігі зор екендігі айтылды.

Еске сала кетейік, аталған порт бүгінгі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ топтары құрамына кіреді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. DP World компаниясымен серіктестікте жұмыс істейді. «Жаңа Жібек жолы» жобасының бір бөлігі болып табылады. Контейнерлік тасымалды қоса алғанда транзиттік тасымалды дамыта отырып, қызметтерді әртараптандырады. «ТХКБ» қатысушысы болып саналады. Сонымен қатар Халықаралық теңіз порттары және айлақтар қауымдастығына мүше.