Шымкент теміржол бөлімшесінің жүк айналымы неге төмен?

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Түркістан облысы еліміздің өзге 13 аймағына қарағанда жер көлемі жағынан кіші болғанымен, халық саны көп, экономика, әлеуметтік, тағы басқа салада алатын орны үлкен. Оның ішінде теміржолға келетін болсақ, Шымкент теміржол бөлімшесінің ұзындығы – 479 шақырым Қызылорда, Жамбыл облысымен түйіседі. Сарыағаш станциясында көршілес Өзбекстан мемлекетімен шектеседі.

 Бөлімшенің орталық басқару мекемесінде орналасқан диспетчерлік аппарат бар. Шұғыл бөлімнің басшысы Ермек Төлешовтің айтуынша, 19 пойыз диспетчері тікелей пойыздарды қозғалтумен, ұйымдастырумен айналысады. 5 кезекші төрт телімнің жалпы жұмысын үйлестіреді, бұдан бөлек 4 инженер, 5 оператор, бөлімше бастығының орынбасары болып есептелетін аға пойыз диспетчері бар.

– Көрсеткіштерге келетін болсақ, 2019 жылдың сәуір айына дейін 16 көрсеткіштің жоспарға сәйкес үшеуі орындалмады. Олар жергілікті вагонның айналымы. Оның орындалмау себебі, жергілікті станцияға бір уақытта бірнеше вагондар келетіндіктен, кезек күтіп тұрып қалады. Бұл содан болып жатыр. Екіншісі, бір жүк операциясында вагонның ұзақ тұруы, яғни алдында айтылған көрсеткішке байланысты. Үшіншісі, ол вагонның динамикалық жүктемесі. Қазір Қытай, Еуропа және тиісінше кері қарай Еуропа, Қытай бағытында контейнерлік тасымалдар күн санап артып жатыр десек те болады. Яғни маршруттар саны артуда. Олардың артуы қаржы жағынан тиімді. Мысалы, 3 жай жүк пойызын тасымалдағаннан гөрі, бір контейнерлік маршрут тасымалдаған тиімді, өйткені екеуінің ақшасы бірдей. Бірақ контейнердің салмағы өте жеңіл болады. Сол жеңіл салмақты контейнерлердің көп тасымалдануына байланысты сәуір айында динамикалық жүктемеміз орындалмады», – дейді жедел бөлімнің бастығы Ермек Төлешов.

Бөлім басшысының айтуынша, 2018 жылдың сәуір айымен салыстырғанда 2019 жылдың сәуір айында ауыр салмақты жүктер кем артылған. Оның себебін сала маманы Шымкенттегі 2 цемент зауытының көктемдегі маусымдық жұмыстары басталмағандығымен түсіндірді.

«2019 жылдың 4 айы бойынша 1 ғана көрсеткіш орындалмады. Ол – жүгі бар вагонның бос вагонға жүру қатынасы. Бұл дегеніміз біздің жүк вагондарымыз бос вагондарға қарағанда аз жүрген. Себебі 2018 жылдың соңына таман Өзбекстан, Тәжікстан, ары қарай Ауғанстанға өткізілген бидай, ұн өнімдерін артқан вагондар қаңтар айынан бастап бос қайта бастады. Сол себепті бос вагондардың жүру ұзақтығы артқан. Бұдан бөлек, жүк айналымы орындалмады. 2018 жылы наурыз айының соңына дейін өзбек елінің жүк қабылдамауы себебінен, 2017 жылы біту керек жүктер 2018 жылдың наурыз айына дейін тасымалданған. Ал 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тасымалданып бітуі керек жүктер ақпан айының бірінші онкүндігінде таусылды. Сондықтан, жүк айналымы бір жарым айға кеміді», – деді бөлім бастығы.

Е.Төлешовтің айтуынша, жүк тиеуде де көрсеткіштер кем орындалған. Оның себебі Шымкент қаласындағы цемент зауытының тоқтап тұруына байланысты шикізат өнімдерін тасымалдау төмендеген. Сондайақ, басқа да жекелеген жүк жөнелтушілердің тарапынан жүк тиеуге деген тапсырыстың аз болуы әсер еткен. Осыған байланысты, статикалық жүктеме де ойдағыдай орындалмапты.