Қазақстанда темір жол билеттерін сату жүйесі өзгереді

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на қарасты барша бағыттарға электронды жол жүру билеттері жаңа автоматтандырылған және заман талабына сай жетілдірілген жүйе арқылы сатыла бастады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 29 наурызында «ҚТЖ» ҰК» АҚ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арасында теміржол тасымалы саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жол картасына үш жақты қол қойылып, осы құжаттың негізінде билет алыпсатарларына қарсы бағытталған маңызды шешім қабылданған болатын. Жақында «Атамекен» ҰКП, ҚР Көлік прокуратурасы, МҚІСҚ агенттігі және ҚР ИИДМ-мен бірге өткен басқосуда «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның мамандары жеке билет сататын касса өкілдеріне электронды билет сатудың жетілдірілген жүйесін таныстырды.

Бұл жүйе жолаушылардың қайтарған билеттерін белгіленген уақыт аралығында ғана сатылымға шығарады. Яғни алыпсатарларға жемқорлықпен айналысуға бөгет болады. Жаңа жүйенің енгізілуі билет құнына әсер етпейді.

Ұлттық тасымалдаушы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресін күшейтетінін жеткізді. Егер де билетсіз отырған жолаушы не болмаса заңсыз рәсімделген жүк тасымалына тап болсаңыз, фотобейне түсіріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бас директорының блогына (http://www.temirzholy. kz/blog-predsedatelya-pravleniya/) жазып жіберу арқылы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шаба аламыз.

Осы ретте, айта кететін жайт, «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржолда билетсіз жүру және заңды түрде рәсімделмеген жүкті тасымалдау әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында былтырдан бастап «нөлдік» төзімділік принципін енгізген болатын. Яғни, заңсыз әрекетке бой алдырған Компания қызметкерлеріне де қатаң жаза қолданылатынын ескерткіміз келеді.