Студенттерге болат жол маңайында жүру ережелерін еске салды

Темір жолда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуде тек сала мамандарының іс-әрекеті аздық етеді. Сонымен қатар жолдан өтетін жастардың, жалпы халықтың темір жолдан өту ережелерін білмеуі көптеген келеңсіз оқиғаларға әкеп соғуда.

Осы мақсатта оқу орындарында жастармен түсіндіру жұмыстарын жоспарлы жүргізіп отырған Нұрсұлтан-1 станциясындағы жол дистанциясы, белгі беру және байланыс дистанциясы, сонымен қатар станцияның еңбек қорғау инженерлері және оқыту шеберлері елордадағы темір жолға жақын білім ордаларында кездесулер өткізуді жалғастыруда. Бұған дейін бірнеше жалпы орта білім беретін мектептерде жиын өткізген олар жақында кезекті кездесуді Көлік және коммуникация колледжінде ұйымдастырып, студенттерге болат жол маңайында жүру ережелерін еске салды.

– Темір жол – аса қауіпті аймақ. Бұл туралы сіздер жақсы білесіздер. Дегенмен, міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталғалы тұр. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды жандандырып, оқу орындарына бас сұғудамыз. Темір жол – ойнайтын, серуендейтін алаң емес. Соны біліңіздер және жақындарыңызға айта жүріңіздер. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қайғылы жағдайларға ұрынбас үшін өте сақ болыңыздар, арнайы белгіленген жерден, өткелдерден, көпірлерден ғана өту керек, – деді ПЧ-17 мекемесінің еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жетекші инженерінің міндетін атқарушы Азамат Батышев. Жиынға қатысқан 111 студент пен оқытушыларға «Темір жол – аса қауіпті аймақ» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, жадынамалар таратылды. Нұрсая