Логистика дегеніміз – нағыз есеп-қисап

Шымкент ЖТ бөлімшесіндегі логистика және тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің жетекші инженер технологы Қайнар Исаевпен сұхбатымыз осылай өрбіді. Мектепте математиканы сүйіп оқыған жас үшін логистика – бейнебір шым-шытырық есеп-қисап сияқты.

– Қайнар, сол қиын есептің түйінін тарқатып, шешімін тапқан адам қандай сезімде болады?

– Қиын есептің шешімін тапқан математик қандай сезімде болады, логистиканы қиюластырып, көлік салаларының жұмысын бір арнаға тоғыстырып, олардың жұмысын үйлестіріп, жүкті артық шығынсыз, төте жолмен тез де тиімді тасымалдау тәсілін тапқан жан да сондай сезімде болса керек...

– Логистика теміржолда кенжелеп дамып жатқан сала, сондықтан кейбіреулер үшін онша таныс емес. Бөлімнің жұмысы жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

– Біздің логистика және тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің негізгі міндеті мен мақсаты – Шымкент теміржолы бөлімшесі Жүк тасымалына күнделікті келіп түсетін тауардың тапсырысын тексеру, вагонды тұрақты жеткізіп беру, сосын талдау жүргізіп отыру. Қалаға қанша, қандай жүктер келді және вагондардың ұзақ тұрып қалмауын қадағалау. Жалпы, Оңтүстік өңірінен көбіне мұнай өнімдері артылады. Себебі, Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауыты, одан бөлек үш цемент зауыты мен 30-дан астам ұн шығаратын мекеме бар. «Алтын дән», «Дани нан» өнімдері республикаға кеңінен танымал. Түркістан аймағынан картоп, көкөністер, құрғақ жемістер де көптеп тиеледі. Ал Ресейден көбіне ағаштар тасымалдан са, өнеркәсіп орындарынан – құрылыс материалдары . Сондайақ, қалада су шығаратын «Тассай» мен «Сарыағаш» өнімдері, «Тау», «Рауан» сусындары, ішімдік шығаратын зауыттардың өнімдері теміржол арқылы тасымалданады. Осы жүктерді теміржолға сеніп тапсырған соң діттеген жеріне төкпей-шашпай, тез әрі ыңғайлы жеткізу – біздің міндетіміз. Логистика – соның маршрутын сызып, тасымалдау бағдарын жасайтын сала.

– Барлығы бір күнде қиюласып кетті десек, жалған болар. Клиенттерді логистика қызметіне үйретуде қиындық кедергі болды ма?

– Әрине, бөлімнің жұмысына негізінен қиындықты, мысалы, клиенттердің өздері келтіреді. Вагондар келген соң жолда 2-3 күн тоқтап, тұрып қалады. 2017 жылы көмірге қатысты қалада біраз айғай-шу болғанын жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Клиенттердің жауапсыздығынан вагондардың жолда тұру уақыты ұзап кеткен. Осындай факторлар жүктердің дер кезінде артылуына кедергі келтірген. Мәселен, бір-екі күндік жұмысты клиенттер созып жүріп алады. Өзіңіз қараңыз, әр вагон 5-10 күннен тұрса, вагондар қайдан жеткілікті болсын. Заң бойынша келген жүктер 24 сағат ішінде түсірілуі тиіс. Жүктердің жолды бөгемей, вагонды ұстамай, тез түсіріліп кеткені бізге де жақсы. Оның үстіне, жиі жүк тиеген соң вагон айналымы да артады. Сондықтан жүктің уақтылы қойылып, жөнелтілгені дұрыс дегенді клиенттер санасына сіңіруіміз керек.

Біздің жұмыс негізінен талдау болғандықтан күніне қанша вагон тиелді, қалай тиелді, технологиялық жағынан, қауіпсіздік жағынан талаптар сақталды ма, станция жұмысшыларынан қандай да бір қателік кетпеді ме, бәрі-бәрін сүзгіден өткізіп отырамыз. Мысалы, Шымкентте ұн артатын мекемелер көп, соны қанша тиелді, қайда жөнелтті, бағдарын бақылап, аналитика жүргізіп отырамыз. Логистика болғаннан кейін, тасымалдың көбейгеніне мүдделіміз. Ал жылу маусымына қатысты науқанда қатты отын тасымалы жұмысын жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып атқарамыз.

Былтыр көмірді жеткізуде жоспарды жеткілікті орындадық. Жергілікті халық көбіне Шұбаркөл көмірін алады. Негізінен көмір техникалық, тұрмыстық болып екіге бөлінеді. Халықтың тұтынатыны 0,3 көмір фракциясы, ал 0,50 фракциясын майда деп алмайды, оны көбіне зауыттар пайдаланады. Себебі, күніне 1 вагон көмір жағатын зауыттар бар, ал бір вагон шамамен 69 тонна болады. Қысқасы, логистиканы дамытумен қатар, жүк тасымалының алуан түрін зерттеп, сұраныс пен ұсынысты да меңгеріп алдық.

– Қайнар, биыл – Жастар жылы. Өзің секілді жас буын үшін жаңа мүмкіндіктерді қай бағыттан көресің? Жалпы өзгеріс бар ма?

– Мен теміржолдағы жұмысымды 2012 жылы М.Тынышбаев атындағы ҚазККА Шымкент көлік колледжін тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша бітірген соң станцияда қарапайым жұмысшыдан бастадым. Жастар саясатын басқарып, талай іргелі істерге мұрындық болдық. «Алма піс, ауызға түс» дейтін заман өткен, бүгінде тек еті тірі адам ғана мәреге жететін нарық заманы екенін естен шығармау керек. Жастарға да белсенділік керек, жастар жылы екен деп бізге біреулер тегін жағдай жасамасы анық, ал бастама жасасақ, қолдау табылатынына сенемін. 2016 жылы мені басшылық Шымкент ЖТ логистика бөліміне маман етіп ауыстырды. Содан бері қалқадірімше еңбек етіп, аймақта логистиканың дамуына өз үлесімді қосып келемін. Көп нәрсе үйрендім,ең бастысы өзіме сенім артқан жандардың үмітін ақтасам деймін...