Цифрландыру – жаңа дәуір талабы

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Әлемде қарқынды жүргізіліп жатқан цифрландыру бойынша өзгерістерден темір жол да ешқашан тыс қалмайды. Автоматтандыру дәуірін бастан кешірген сала енді сандық технологияның да озық жетістіктерін өзіне енгізуге дайын. Осыған орай Қазақстан теміржолында аптаның үш күнінде темір жолды цифрландыруға арналған кең ауқымды көрме өтті.

Шара мақсаты – әрине, ұлттық компанияның бұрыннан келе жатқан әріптестерімен іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа әріптестер табуға жол ашу. Осылай деп көрмеге қатысушыларды жылы қарсы алған ұлттық компанияның бас инженері Батыр Котырев сөз бастау ретін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовке берді.

«Көрмеде сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Цифрландыру – бұл әрине бүгінгі таңда тек темір жолда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті тақырыптардың бірі. Бұған дейін автоматтандыру ғасыры болған, енді цифрландыру дәуіріне аяқ бастық. Бүгін, міне, осы көрмеде темір жолды цифрландыруға қатысты озық идеяларды, жобаларды көретін боламыз. Бұл жобалар осымен тоқтап қалмай, әрі қарай дамытылып, өндіріске енгізілеріне сенім мол. Сонымен қатар бұл – пікір алмасу алаңы. Жобалардың бәрі бірдей енгізілмеуі мүмкін. Бірақ солармен танысу барысында одан да жетілдірілген жаңа идеялардың туындауына жол ашылады», – деді Қ.Әлмағанбетов.

Көрмеде теміржол саласында цифрлық технологияларды енгізу жобалары көрсетілді. Шетелдік және отандық теміржол өнімін өндірушілер өз жобаларын таныстырды. Солардың қатарында «Hytera» ЖШС, «Huawei» ЖШС, «Информтехника и связь» ЖАҚ, «БТ Сигнал» ЖШС, «Беларусь темір жолдары» МБ конструкторлықсынама орталығы, «Искраком» ЖШС, «НИИАС» ААҚ, «GE Transportation», «Транстелеком», «Көлік проблемаларының кешенді ғылыми-зерттеу орталығы», «Alstom» ЖШС, «Трастелесофт» ЖШҚ, «КазцентрЭлектроПровод» ЖШС, «ЛокоТех» ЖШҚ және өзгелері бар.

Көрмені өткізудегі тағы бір мақсат теміржолдағы инновациялық шешімдерді ұсынатын компаниялар мен «Қазақстан темір жолы» өзара ықпалдастық үшін алаң құру екенін айтқан Қ.Әлмағамбетов «көрменің нәтижесі темір жолдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты болашағы бар шешімдер болатындығына» сенім білдірді.

Көрме шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев түстен кейін Ресей және Беларусь теміржол әкімшіліктері, теміржол өнімдерін өндірушілер мен әзірлеушілер өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, «Ресей темір жолдары» ААҚ техникалық аудит орталығы бастығының бірінші орынбасары Олег Сеньковскиймен осы аудит мәселесіне қатысты жобалары туралы сөз етсе, одан кейін «Беларусь темір жолдары» МБ конструкторлықтехникалық орталық басшысы Михаил Федорцовпен, Hyukshin Engineering Co.Ltd компаниясының президенті Ким Юнг Шин мырзамен және «Транстелеком» АҚ ақпараттық технология және инновация жөніндегі вице-президенті Мұрат Ахметовпен, GE Transportation Wabtec бөлімшесінің басшысы Хушке Дикманмен кездесіп, цифрландыруға қатысты жобаларын талқылады. Бас инженер әрбір келіссөз сайын келген қонақтарға ұлттық компанияның бас ғимаратының суретін ағаштан ойып бейнелеген құнды отандық өнім – көлемді картинаны сыйға тартып, қонақтармен бірге естелікке суретке түсті.

Шараның екінші күнінде компания басшылығы 2018 жылы стандарттау бойынша жұмыстарға белсенді қатысқандарды марапаттады. Көрме жұмысы түстен кейін «Темір жолды цифрландыру» тақырыбындағы конференциямен жалғасын тапты. Онда қазақстандық және шетелдік сала мамандары тақырып аясында толыққанды баяндамалар жасап, сандық шешімдер мен оларды жасау жолдарын талқылады. Көрменің соңғы үшінші күнінде отырыстар «Rixos Prezident Astana» отелінде өткізіліп, шара қорытындысы шығарылды.