Оқушыларға поездардың қаупі туралы ескертті

Өткен аптада Шымкент станциясында «Абайлаңыз, пойыз!» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Шараның мақсаты – жасөспірімдер қылмыстарының алдын алу және ескерту, олардың түнгі мезгілде ата-аналарынсыз немесе заңды тұлғаларсыз жүруін анықтау, сондай-ақ балалардың жарақат алуы, жазатайым оқиғалар, жолаушылар пойызының әйнегін сындыру фактілерінің алдын алу.

Аталған шараға ПЧ-53 қызметкерлері М.Досаева, Д.Өмірбаева, Шымкент станциясы ЖПБ, Қазығұрт станциясы ЖПБ-нің бастығы, полиция майоры Әділғазы Сайрамбаев, полиция майоры Шарипа Абдуллақызы қатысты.

Теміржол мамандары мен сақшылары бірлескен топ жолаушыларға Шымкент станциясы теміржол вокзалының перронында, жолаушылар пойыздарында, жолсеріктер мен жолаушылар арасында жол үстіндегі кездесулер өткізіп, жолаушыларға «Абайлаңыз, пойыз!», «Көліктегі қауіпсіздік», «Темір жол – қауіпті аймақ» тақырыптарын жан-жақты түсіндіріп берді.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы №120 орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізіліп, оларға ҚР Қылмыстық кодексінің құқық бұзушылықтар туралы баптарын түсіндіріп, бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны және ескерту мен айыппұл түрінде шаралар қолданылатыны ескертілді.