Дегелеңдегі доп додасы

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты 1-ші класты Дегелең станциясында мини футболдан жергілікті теміржолшы жастар арасында сайыс өтті.

Теміржолшылар мол шоғырланған Дегелең станциясы бойынша спорттың әр түрінен жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Бұл жолғы сайысқа сайланып шыққан бес команда қатысып, өзара шеберлік сынасты. Ұзын саны қырық адам қатысқан станция біріншілігі бойынша тек іріктелген футболшылар өнер көрсеткен болатын.

Ал бұл жолы локомотившілер ерледі. Тартысты әрі мейлінше шиеленісті өрбіген сайыстардың нәтижесінде бірінші орынды ТД-18 жеңіп алса, екінші орынды ВЧД-23 жігіттері еншіледі. Ал, ӘТЖК футболшылары үшінші орынға тұрақтаса, төртінші орынды ШЧ-29 теміржолшылары қанағат тұтты. Ал, көсіліп ойнай алмаған станция қызметкерлері соңғы орынмен жұбаныш тапты.

– Дегелеңдік теміржолшылардың, әсіресе жастардың уақыттарын тиімді өткізіп, денешынықтырумен тұрақты айналысулары үшін осындай сайыстарды алдағы уақыттарда да өткізе береміз. Бөлімше чемпионы деген байырғы атағымызды қайтаратын кез жетті, – дейді станция басшысы Талғат Жақсыбаев.