Белкөл станциясы технологиялық талапқа сай

Жолдардың талапқа сай болуы жолшылардан сұралады. Сондықтан өздеріне бекітілген аумақтағы жолдың жағдайын бес саусағындай меңгеріп, кемшілігін дер кезінде ретке келтіріп отыру – олардың міндеті.

Қызылорда жол дистанциясының Белкөл станциясында жұмыс жасайтын жолшылар Ерболат Таранов, Бақытжан Ақбалаев және аға жол жөндеуші Болатхан Медетбаев бүгінгі таңда станциялық жолдардың ағымдық күтім жұмыстарын жасауда. Осы мақсатта таң азаннан қара кешке дейін жол бойын жағалап рельстердің бекітпе болттарының босағанын қатайтып бекітіп, төсемелердің түгел әрі өз орнында болуын қадағалап, рельс тізбектерінің, бағыттамалық бұрмалардың жұмыс жасауын бақылап көзден өткізу секілді шаралар ағымдық күтіп-баптау жұмыстары кезінде атқарылатын жұмыстары болып отыр.

Белкөл станциясына барғанымызда станцияның оңтүстік алқымында күнделікті жолдарға күтім жасап жүрген жолшылармен ұшырастық.

Бір тобы қолдарына құрал-сайманын алып жұмыс жасауда болса, екінші тобы белгіленген жердегі жолдың олқылықтарын ретке келтіріп, екінші бір орынға ауысуда.

– Мына крестовинадағы (екі қатар жолдың қосылған жолайрығындағы) 4 миллиметрлік қашықтықты техталапқа сай керіп кеңейтіп жатырмыз, – деп түсіндірді қолындағы өлшеуіш шаблонын рельске қойып, өлшем алып жатқан аға жол жөндеуші Болатхан Медетбаев. – Негізі жолдың өлшемі 1520 мм болу керек болса, мына крестовинадағы жолдың, екі рельс арасындағы қашықтықтың, қазіргі жағдайы тарылып, 1516 мм-ді көрсетіп тұрғандықтан рельс арасын 4 мм керіп кеңейту жұмысын жасап жатырмыз.

Қолдарына ұстаған құралдарын ұршықша иіріп, бекітпе болттарды біресе бекітіп, біресе оп-оңай босатып жүрген жол жөндеушілер Бақытжан Ақбалаев пен Ерболат Таранов екеуі аға жол жөндеушінің шаблон салып өлшеген орындарға төселген төсеменің қалыңдығын, жарамдылығын, бекітпе болттың беріктігін тексеруден өткізуде.

Станция жолдарындағы жолшылар жұмысын бақылап тексеру станция бастығының да міндетіне сай келетіндіктен бекет бастығы Мақсат Жүсіп те осында жүр. «Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау – жолшылар мен қозғалысшылардың, басқа да барлық салалық қызметтердің ортақ міндеті» дейді станция бастығы.