Ақтөбеде екі адам пойыздың астында қалды

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінда төрт айда атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Жол қауіпсіздігіне қатысты әлі де кедергілер көп. Теміржол бойында бөгде адамдардың кесірінен екі бірдей жолаушылар пойызы шұғыл тоқтатылған.

Өкінішке орай, біреуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Мамандар жүргіншілердің жол қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынына алаңдаулы.

«Тіркелген қайғылы жағдайлардың бірі кеше сәуір айының соңында болды. 25 сәуір күні кешкі 23:28 мезгілінде Жаркий-Қазақстан бағытының 1410 шақырымында келе жатқан пойыз шұғыл тоқтады. 46 жастағы ер адам пойыз жолында отырған. 80 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан көлікті машинист шұғыл тоқтатқанымен оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды. Тағы бір жағдай Жайсаң-Ақтөбе бағытындағы разъезд аумағында болды. Сағатына 90 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан пойыз жолға бөгде адамның шығуына байланысты шұғыл тоқтатылды. Жол бойына шығып кеткен адам аман. Бірақ жылдамдықты оқыс тежеу пойыз үшін зиян және шығынды екенін кім ескереді? Біздің мамандар разъезд айналасындағы жүргіншелерге, мектеп, колледж студенттерімен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен құлаққаппен пойыздың жолында жүретіндерге әлі де тосқауыл қоя алмай отырмыз», – дейді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі техникалық бөлімнің жетекші инженері Сәнім Елшібекова.

Бөлімшедегі басшылық құраммен көктемгі тексеру жұмыстары да толықтай аяқталған. Кемшіліктер жоқ емес. 128 станциядағы 2382 бағыттамалық бұрма, 1275 ғимараттар мен 2020 шақырымдық жолдар қаралған. Нәтижесінде комиссия құрамымен 1120 ескерту жасалған. Өткен жылғы байқауда 1034 кемшілік анықталған болатын.

«Жолдағы шаруашылық жұмыстарына қатысты 655 ескерту берілді. Өткен жылы мұндай 648 кемшілік анықталған еді. Сигнал беру және байланысқа қатысты 295 ескерту жасалды. Электр жабдықтау жұмыстарына қатысты 120 ескерту бар. Бір жыл бұрынғы көрсеткіште бұл жағдайға қатысты 101 кемшілік анықталған. Никельтау, Ақтөбе, Қандыағаш, Біршоғыр, Шалқар жол дистанцияларында 200-ге жуық тыйым салу шаралары қолданылды», – дейді Сәнім Елшібекова.

Мамандар белгі беру және байланыс шаруашылығы бойынша Шалқар, Қандыағаш, Ақтөбе станцияларына қатысты 33 тыйым салу шарасын қабылдаған. Онда электрмен жабдықтау қызметіне қатысты кемшіліктер анықталған. Сынақ тапсыра алмаған теміржолшылар бар. Техникалық біліктіліктің төмендігінен бірнеше маманға қайта білімін жетілдіруге нұсқау берілген.