Жолаушылар пойыздары жазғы тасымалға дайын

Жаз айларында жолаушылар санының артатыны белгілі, сондықтан вагондар жетіспеушілігі орын алмас үшін «Вагонсервис» АҚ жыл басынан жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде.

Жолаушылар пойыздарының жарақтылығы ең алдымен оның жөнделуіне байланысты. Жолаушылар пойызына қызмет көрсететін «Вагонсервис» АҚ-ның Атырау телімінде барлығы 124 жолаушылар вагоны бар. Мекеме №№41-42 Атырау-Алматы, №№47-48 Атырау-Астана, №№313-314 Атырау-Маңғыстау және №№625-626 Атырау-Астрахань бағыттарын осы вагондардан жасақтап отыр.

Телім қызметкерлері аталған вагондарға ТҚК-1 көлемінде техникалық қызмет көрсету бойынша әрбір рейске жүру алдында, айналым бекеттерінде және жол жүру кезінде, ТҚК-2 көлемінде жазғы және қысқы тасымалдаудың алдында және жоспарлы түрдегі жөндеуден өту, құру немесе соңғы тексеруден кейін кем дегенде 6 айдан соң өткізілетін бірыңғай тексеріс кезінде техникалық қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ, ағымдағы ағытып жөндеу – қос доңғалақтарды, автотіркеуіштерді және басқа тораптарды қажеттілігіне қарай ауыстыру, вагон дарды деполық жөндеу және ауыр, дизелді отынмен, сумен жабдықтау; биотуалеттерді ассенизаторлық тазалау да міндеттеріне жатады.

Телім бастығы Қайрош Қаржаубаевтың айтуынша, қысқы дайындық кезінде ТҚК-2 тексеруден 20 вагон жөндеуден өтіпті. Яғни, вагондардың тоқ беруі, доңғалақтары, аккумуляторлары, есік-терезелері, жалпы техникалық-материалдық жағдайы қаралып, күрделі жөндеу жасалған. Сондай-ақ, көктемгі комиссиялық тексеріс бойынша сәуір-мамыр айларында ТҚК-3 тексеруден жоспарлы 48 вагон жөндеуден өтуі керек болса, бүгінгі күні оның 29-ы өткен. Ал ТҚК-2 тексеруге 63 вагон қойылса, бүгінде соның 48-і жөндеуден өткен.

Мекеме «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондарынан басқа «Елдортранс» жекеменшік мекемесінің вагондарына да жөндеудің барлық түрі бойынша қызмет көрсетеді. Ал «Чистый мир» ЖШС мамандары болса, вагондардың сыртын, «Айсгрупп» ЖШС ішін жуыптазалаумен айналысып, рейске шығар алдында вагондарды айнадай тап-таза қып жуып, дайындайды.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінің жолаушы пойыздар тұрағы аумағында орналасқан «Вагонсервис» ЖШС күнделікті жұмыстарын осы аумақта атқарады.

«Біздің ұжымда қазір жүзден астам адам жұмыс істеуде, дені бұрыннан келе жатқан электрик, моторист, аккумуляторщик, заправщик, эпикировщик, вагон жуушы, т.б. білікті мамандар. Тапсырыс көлемі бойынша түскен жұмыстарды уақтылы орындап отырамыз. Әр бағыт бойынша вагондар саны бүгінгі уақытта жеткілікті, сұранысқа сай санын арттырып отыратын да кезіміз болады» дейді телім басшысы.