Волейбол жарысының қорытындысы

Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшылары өз араларындағы №1 спорт түрі – волейбол ойынынан ұйымдастырылған біріншілікті қорытындылады.

Бұл жолғы шара кең ауқымда өтіп, жалпы саны жүзге жуық спортты серік еткен сала мамандары қатысқанын хабарлаған болатынбыз.

Алғашқы іріктеу кезеңі бойынша қатысушылар 3 топқа бөлініп, өзара айналым өткізіп, 10 команда ішінен ақтық финалға тек таңдаулылар ғана шықты. Бас жүлде үшін ПЧ-39 бен ДССемей командалары кездесу өткізіп, нәтижесінде жолшылар қауымы осымен төртінші мәрте волейболдан бөлімше чемпионы атанды.

Ал, екінші орынды станциялықтар қанағат тұтты. Үшінші орын үшін ПЧ-40 жігіттері мен «Транстелеком» АҚ Семей филиалының волейболшылары бәсеке өткізіп, бұл орынға жаңа-семейлік жолшылар тұрақтады. Төртінші орынға транстелекомшылар жайғасса, келесі орындарды НЖС-6 мен ШЧ-29 командалары бөлісті.

– Бұл жолғы ойындар ерекше өтті. Теміржолшылардың волейболға деген құлшыныстары да жоғары, ойнау шеберліктері де артқан. Алдағы уақытта спорттың тағы да бірнеше түрінен сайыстар өткізетін боламыз, – дейді «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкова.