Абайлашы, балақай: оқушыларға темір жолдан өту ережесін айтты

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ теміржолға жақын орналасқан оқу орындарында болат жолдан өту қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Өйткені, аз күнде балалардың жазғы каникулы басталады. 

Осы аптада Нұр-Сұлтан қаласындағы №36 мектепке елорданың локомотив пайдалану депосы мен Нұр-Сұлтан-1 станциясының қызметкерлері барып, оқушылармен кездесті.

– Темір жол – аса қауіпті аймақ саналатынын балаларға ескерте отырып, одан өту, оның айналасына жақын болғанда жүру ережелерін түсіндірдік. Оқушылар темір жол бойында вагондарға жақындамауын, 5 метр арақашықтықты сақтауын, келе жатқан пойыздарды өткізіп жіберуін және бағдаршамның түсіне назар аударуын айттық. Сонымен қатар қазіргі таңда   жастар болсын, ересектер болсын құлаққап тағып алып, жолдан өтерде жақындап қалған пойыздың даусын естімей қалып ажал құшып жатыр. Жүйткіп келе жатқан пойыз машинисі ол адамды көріп тежегішті басқанымен, пойыз бірден тоқтамайды. Сондай-ақ, ойнап жүріп вагондар үстіне шығар болса, оның үстіндегі электр тогының қуаты өте күшті, 5 метрден-ақ адамды ток ұратынын екінің бірі біле бермейді. Балалар қайғылы жағдайға тап болмауы үшін осындай ақпараттармен бөлістік. Жоспар бойынша бүгін 7 сынып оқушыларымен кездестік, – дейді ТЧЭ-11 мекемесінің инструкторнұсқаушысы Сырым Беков. Теміржол қызметкерлері оқушыларға жолдан өту ережелері анық айтылған слайд-шоу көрсетіп, балалардың сұрақтарына жауап берді және «Өз өміріңді сақта!», «Өткелге дейін тоқта!», «Аса қауіпті аймақ» деген тақырыптары бар брошюралар таратты.

Нұр-Сұлтан-1 станциясының қауіпсіздік бойынша бас маманы Маржан Айтмағамбетова да сөз алып, жол қысқартамын деп вагон астынан немесе автотізбектер үстінен басып өту өте қауіпті екенін, сонымен қатар бағыттама бұрмалары бар жерден өтуге болмайтынын, тайып кетіп, мезгілмезгіл бағытын бұрып тұратын бұрмалар арасында аяқ қысылып қалу қаупін ескертті. Шараға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің өкілдері де қатысып, түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуына мұрындық болды. Олардың берген мәліметтерінше, қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылмауы үшін арнайы жасалған шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, осы жылдың бірінші тоқсанында үйлестіру кеңесінің 51 жиыны өткізілген, оларға көлік прокурорлары, полиция қызметкерлері, ҚР ИДМ көліктік бақылау бойынша аумақтық органдары өкілдері мен Жүк тасымалы бөлімшелерінің шегіндегі қатысы бар қызметтер мамандары қатысқан. Желілік тәртіп сақшылары, әскерилендірілген күзет, магистральдық желі бөлімшесі филиалдарымен бірлесе 12191 азаматты қамти отырып, теміржолдан өту қауіпсіздігін түсіндіру бойынша кездесулер өткізілген. Темір жолда жүру ережелерін түсіндіру жөнінде оқу орындары мен кәсіпорындарда 701 әңгімелесу жиыны өткізіліп, бейнежазбалар көрсетілген. БАҚ беттерінде қоғамның аймақтардағы басшылар атынан аса қауіпті аймақта бөгде адамдардың жүруінің алдын алу, қауіпсіздік ережелері туралы және басқа да тақырыпта 29 мақала жарық көрген. Сонымен бірге біріккен рейдтер ұйымдастырылған. Локомотив бригадалары темір жол көлігі нысандарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп отырады. Ай сайын қоғамның барлық филиалдарына локомотив бригадаларымен жұмыс жүргізу үшін адам, мал басу, көлікпен соқтығысу бойынша талдау нәтижелері жіберіледі. Жоспарлы отырыстарда, техникалық сабақтарда тұрақты түрде локомотив бригадаларын жолға жақын бөгде адам немесе мал жүргені туралы ақпараттандыру талап етіледі. Олар өз ауысымы біткенде машинистердің ескерту журналына тиісті қызметтерге ақпаратты жеткізу үшін жазба қалдырады. Тұман, жел, боран сияқты табиғат құбылыстарына байланысты белгі беру құрылғылары дұрыс көрінбеген жағдайда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін хабарлама белгіні көбірек беріп, белгіленген жылдамдықты азайту керектігі айтылады. Сондай-ақ теміржолда жарақаттану жайттарын азайту және жол бермеу үшін ҚТЖ баспасөз қызметімен бірлесіп темір жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі профилактикасы бойынша үш бейнеролик таратады. Бұл бейнероликтер барлық әлеуметтік топтарда кең таралған. Сондай-ақ, қауіпті аймаққа бөгде адамдардың шығуының алдын алу және темір жол өткелдерінен өту ережелерін сақтау бойынша автокөлік жүргізушілері және халық үшін 5 нұсқалық дизайнда буклеттер жасалып таратылған.