Болашақ станциясында спорттық жарыстар өтті

Маңғыстаудағы Болашақ станциясында 7 және 9 мамыр – қос мереке құрметіне волейбол және футболдан жарыстар өтіп, оған теміржолшылар белсене атсалысты.

Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Болашақ ауылдық округі әкімі аппараты ұйымдастырған спорттық шаралар жоғары деңгейде өтті. Волейболға жалпы саны 9 команда қатысып, бірінші орынды Мектеп-1 командасы, 2 орынды теміржолдың әскерилендірілген темір жол күзеті қызметі, ал 3 орынды станция ұжымының командасы иеленді.

Бұдан әрі Болашақ станциясында шағын футболдан жарыс болды. Себелеп жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, жанкүйерлер көңілінен шыққан тартысты ойын өтті. Аяқдоп жарысының нәтижесінде ШЧ-10 командасына жететін топ болмады. Ал 2 орынды Застава командасы, үшінші орынды ДС-2 командасы иеленді. Жеңімпаз командалар арнайы жүлделермен марапатталды.