Техникалық еңбек инженерлер Қызылордада басын қосқан

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен техникалық еңбек инженерлерінің басын қосқан «Қауіпсіздік үшін – бірге» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Теміржолшылардың өндірістік жарақаттануының алдын алу, қауіпсіз еңбекті насихаттау және қызметкерлердің еңбек процесінің қауіпсіздігі жауапкершілігін көтеру мәселелері кеңінен талқыланған үстел басына облыстық еңбек инпекциясы басқармасының өкілі Гүлсім Нұғманова, теміржолшылардың «Қазкөліккәсіп» ҚБ филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Ахметов, «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева, Магистральдық желі бөлімшесі филиалы директорының орынбасары Жандарбек Өтегенов, бөлімшенің кәсіподақ ұйымы төрайымы Ажар Ерманова және вокзал шаруашылығы, өрт сөндіру, қалпына келтіру пойызы ұжымдарының еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлары қатысып, маңызы зор тақырып төңірегінде пікір алмасты.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай өткізілген шара барысында кәсіподақ комитетінің төрайымы Ажар Ерманова еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторларының ережелерімен таныстырып, оны орындау туралы мәліметтер берсе, шақырылғандар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің жұмысына тоқталып, еңбекті қорғауға қатысты мәселелерде өндірістік жарақаттанудан, қауіпті жағдайларды алдын ала ескерту туралы түсіндірме берді.

– Бүгінгі басқосуға бөлімшенің жеке шаруашылығында жұмыс жасайтын 17 техникалық еңбек инженері арнайы шақырылып, облыстық еңбек инпекциясы басқармасы өкілінің жаңалықтарымен танысып, өзгерістер жайында толық мағлұмат алуына жағдай жасалды. Инспекторларға түсініксіз жағдайлар осы арада талқыланып, түсіндірілді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды нығайту үшін техинспекторларға арнайы бағдарламалар жүктеліп, оның есебі ай сайын жүргізіліп, қорытындысы жасалынып отырады. Жұмыс жағдайына қарай әрбір техинспектордың озық тәжірибесі насихатталып, ынталандыру сыйлығы берілетін болады, осылайша бөлімше теміржолшыларының еңбегін қорғаудың жаңа тәсілі жұмыс жасайтын болады, – дейді бөлімшенің кәсіподақ комитетінің төрайымы Ажар Ерманова.

Сонымен қатар жиын барысында еңбеккерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін екі қызметкерге Алғыс хат табысталып, әрбір теміржолшының бас амандығын сақтау үшін «Қауіпсіз еңбек үшін – бірге!» ұраны күнделікті қағидаға айналуы тиіс деген тұжырым жасалды.