Түлкібас станциясы: ұйымшыл ұжым ұтады

Қандай ұжым болмасын бірлігі жарасса, тірлігі де оңалмақ. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз Түлкібас станциясы ұжымына қарап айтылғандай. Түлкібас ауданының ортасында орналасқан станцияның жан-жағы елді мекен, айнала қоршаған бау-бақша, жасыл желек, сонадайдан төніп тұрған тау қыраттарын көргенде еріксіз тамсанып, жергілікті халықтың сұлу табиғаттың баурайында күн кешіп жатқанына қызыға қарайды екенсің. 

Түлкібас станциясын басқарып отырған Нематилла Тойшыбаев теміржол саласында 1989 жылдан бері қалтқысыз адал қызмет етіп келеді. Станция жұмысын алға бастыру үшін барлық міндеттерді 100 пайыз көрсеткішке жеткізу үшін байырғы тәжірибелі теміржолшылардан тұратын ұжым «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла еңбек етуде. Өйткені, станция табысқа жетсе, абырой бәріне ортақ екенін, ал керісінше бір жаманат шықса, ол да бәріне күйе жағатынын түлкібастықтар жақсы біледі.

Түлкібас станциясы – Жамбыл мен Шымкент бөлімшелерін жалғастырып жатқан шекара іспеттес. Станция басында 12 жол бар.

– Жыл басынан бері үш айдың қорытындысына келетін болсақ, былтырғы жылға қарағанда биыл вагондарға жүк арту, жүк түсіру жағы төмендеп кетті. Былтыр айында 300 вагон түсіріп, 200 вагон тиеп жатыр едік, осы жылы айына 200 вагон түсірдік. Станцияда негізінен көбіне бидай түсіреміз, ұн мен әктас артамыз. Себебі, жергілікті ауданда ұн мен әк шығаратын 2 зауыт қана бар, қалғандары тоқтап тұр, – деді Н.Тойшыбаев.

Станцияда еңбек қорғау мәселесі жақсы жолға қойылған. Теміржолшылар қыстық, жаздық киімдермен тұрақты қамтамасыз етіліп тұрады. Мысалы, өткен қыс жұмысшылардың бәріне де жылы қолғап пен бәтеңкелер беріліпті. Бұдан бөлек, резина етікпен, керзі етікпен де қамтылған. Қауіпті жерде жұмыс істейтін теміржолшылар арнайы сүт беріледі.

«Осы жер жәннаты Түлкібаста туып-өстік, туған жерден алысқа ұзап ешқайда кетпедік, 30 жыл теміржолшымын, 2 жыл болды станция бастығымын. Оған дейін орынбасар болдым. Әкем де теміржолшы, қозғалыс саласының маманы болды. Ұжымда 44 адам бар, олардың бәрі де осы жерілікті жердің халқы» дейді станция бастығы.

Жансая СЫДЫҚБАЙ