Құрметті теміржолшы Қалтай Сәмбетов 80 жасқа келді

Құрметті теміржолшы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңесінің мүшесі Қалтай Сәмбетұлы Сәмбетов 80 жасқа келді.

Қалтай Сәмбетұлы 60 жылдық ғұмырын темір жолға арнады, теміржол саласын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесінің арқасында еліміздің көлік-байланыс кешені жетілдірілді және ұлттық теміржол желісі құрылды.

Оның кәсібилігі, еңбекке берілгендігі, қабылданатын шешімдерге деген жауапкершілігі, ұшқыр ойы мен қажымас қайраты әріптестері арасында жоғары сенімге ие еткізді.

Баймұхамбетов ҚУАНДЫҚ, Құрметті теміржолшы, Білім саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері:

– Қалтай Сәмбетов – саналы ғұмырын Қазақстан теміржол көлігін дамытуға арнаған біртуар азамат. Ол – Қазақстан теміржолы, оның ішінде сигнал беру және байланыс шаруашылығының басы-қасында алпыс жыл жүрген нағыз тарлан теміржолшы. Қалтай ағамыз сондай үлкен шаруаның арасында теміржолшылар дайындайтын оқу орындарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Соның ішінде біздің Алматы көлік және коммуника- циялар колледжінің қалыптасуы мен дамуына, колледждің дәрісханалары мен зертханаларын қазіргі заманғы құрал-жабдықпен, оқу тренажерларымен жабдықтауға көп еңбек сіңірді. «Медеу» станциясы электр орталықтандырудың жаңа жүйесімен жабдықталғаннан кейін осы станцияның бұрынғы жабдығын колледжге бергізді. Соның негізінде студенттеріміз станциядағы пойыз қозғалысын практикалық тұрғыда оқуға мүмкіндік алды. Олар іс жүзінде станция кезекшісі, байланысшы, сигнал беру және байланыс монтерінің жұмысын, пойыз қабылдап-жөнелтуді нақты өндірістік құралмен оқып үйренді. Осындай қамқорлықтың арқасында колледж түлектері өндіріске барып еркін жұмыс істеп кетіп жатты. Бұл – Қалтай Сәмбетұлының жастарға және теміржол көлігінде жұмыс істеу үшін білікті маман даярлауға көңіл бөлетінінің бір жарқын мысалы.

Серікбай АҒМЕНТАЕВ, Құрметті теміржолшы, «Құрмет» орденінің иегері:

– Мен Қалтай Сәмбетовті 1972 жылы Қазақ темір жолына диспетчер болып жұмысқа келген күннен бері білемін. 1977-1987 жылдары Шымкент жол бөлімшесінде қызмет атқарып, 1987 жылы Алматы жол бөлімшесі бастығының орынбасары болып Алматыға қайтып келгенімде Қалтай Сәмбетов Алматы темір жолы бастығының 1-ші орынбасары – бас инженері болатын. 1988 жылдан бастап Достық – Алашанькоу аралығындағы үш жүз шақырымдай теміржолды қалпына келтіріп, бүкіл жұмысты бірге атқардық. Халықаралық теміржол өткелін ашу үшін қытай тарабымен тығыз жұмыс істедік. Қиындық көп болды. Қытайлармен айына 4-5 рет кездесетінбіз. Екі жақтың теміржолға қойылатын талабын үйлестіріп отыру көп уақыт алатын. Кейде таласып, тартысып қалатынбыз. Сөйтіп жүріп олармен дос болып кеттік. Мен Алматы жол бөлімшесі басшысы ретінде тұрақты түрде құрылыс барысын қадағалап, Қалтай ағамызбен бірге сол жолдың басы-қасында жүрдім. 1991 жылы 20 шілдеде алғашқы жүк пойызын жөнелтіп, халықаралық теміржол өткелін аштық. Қытай-Қазақстан шекарасы арқылы жүк өткізу жыл сайын миллиондап артып, 2009 жылы 18 млн тоннаға жетті. 2010-2014 ж.ж. Жетіген – Қорғас теміржолын салу барысында жоба жетекшісі болып, Қалтай ағамен тағы да қатар жұмыс істедік. Осылай, екі теміржол өткелінде де Қалтай ағамыздың зор үлесі бар. Қалтай Сәмбетовті іскер басшы-ұйымдастырушы, үлкен ұстаз деп білемін. Қабілетті талай жасқа қамқор болды, оларды қызмет бабымен өсірді. Ақыл-кеңесін қашан да аямайтын адам. Сол үшін де бәріміз құрметтейміз, жақсы көреміз. Оның жұмысқа жан-тәнімен берілгендігі, талап қойғыштығы, уақытпен санаспайтыны, шаршамайтыны біз үшін нағыз үлгі болды. Ол – нағыз теміржол тарланы.