Түркістан мен Шымкент бағытындағы қала маңы тасымалы қолжетімді

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының арасын жалғап жатқан темір жол бойында 21 бекет бар. Атап айтқанда, Шойтөбе, Күншағыр, Отрабад, Ұзынқұдық, Ақшоқат, Темір, Рзд 37, Қарақоңыр, Қостүйін, Ақдала, Арыс 2, ОП Парковая, ОП 3227 км, ОП 3228 км (Ақнан), Қалаш, Бадам, Көкбұлақ, Игілік, Қорғасын, т.т. 

Осы бекет арқылы қатынайтын №6938/6937 бағытындағы ТүркістанШымкент пойызына мініп, Қорғасыннан түсіп қалатын болсаңыз, билет бағасы небары 32 теңге, ал Игіліктен мініп Бадамнан түсіп қалатын болсаңыз 64 теңге төлейсіз. Күншағырдан мініп Қостүйін бекетінен түсіп қалсаңыз, жолақы үшін 256 теңге төлейсіз. Яғни тариф жергілікті халыққа өте ыңғайлы бағада жасалған.

Шымкент қаласындағы «Қаламаңы тасымалы» АҚ филиалы Түркістан облысы мен Шымкент халқының жолаушыларына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Мекеменің бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Аймақтық телім қала маңында үш бағытта жүретін пойыздарға жауапты.

Біріншісі – 175 орындық 2 вагоннан тұратын Түркістан-Сарыағаш пойызы. Дизель рельсті жылжымалы құрам, яғни мотормен жүреді. Жолаушылар тасымалдау барысында 28 аялдамаға тоқтайды. Аптаның бес күні: сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, сенбі, жексенбі күндері жүреді. Жолаушылар вагонында барлық жағдай жасалған, ыңғайлы дәретхана және ауа желдеткішімен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы №6958 пойызы 5 сағат 17 минут жүреді. Кешкі сағат 18:03-те Түркістаннан шығып, түнгі 23:20-да Сарыағашқа жетеді. Ал №6957 Сарыағаш- Түркістан пойызы 5 сағат 21 минут жүреді. Сарыағаштан таңғы 05.00-де шығып, Түркістанға 10.21-де жетеді. Бұл жердегі жол жүру құны, мысалы, Түркістаннан Сарыағашқа – 1114 теңге, Түркістаннан Арысқа 557 теңге тұрады.

Екінші бағыттағы пойыз ол – Түркістан-Шымкент. Бұл кәдімгі қала маңындағы пойыз, 175 орынға арналған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған көтергіш орындар мен арнайы бөлме бар. Бұл бағыттағы пойыз да сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, сенбі, жексенбі күндері жүреді. №6938 бағыты жолда 3 сағат 55 минут жүрсе, №6937 бағыты 4 сағат 44 минутта қатынайды. Түркістаннан Шымкентке дейінгі бағасы – 609 теңге. Түркістаннан Арысқа дейін 384 теңгені құрайды.

Үшінші бағыттағы пойыз ол – ШымкентТүркістан облысының аралығын қосып тұрған, 2 вагоннан тұратын дизель рельсті пойыз. 175 орын бар. Бұл жылдам жүретін пойыз дүйсенбі және жұма күндері Шымкент қаласынан шығады. Дүйсенбі күні таңертең 5.45-те шығады, сағат 08.20да Түркістан қаласында болады. Бұл – Шымқаладан қатынап, әкімшілікте жұмыс істейтіндерге өте ыңғайлы бағыт. Жолақысы – 609 теңге. Жұма күні аталған пойыз Түркістан қаласынан Арыс арқылы Шымкент қаласына 21.53-те келеді.

– Осы Шымкент бойынша үш бағытта жүретін пойызды жүргізуге субсидия бөлінеді. Түркістан-Шымкент бағытындағы жай жүретін қала маңындағы пойызға және Түркістан-Сарыағаш бағытындағы жай жүретін пойызға Түркістан облысы әкімшілігінен субсидия қарастырылған. Ал енді жылдам жүретін Шымкент-Түркістан және Түркістан-Шымкент бағытын бұрынғы Даму индустриясы министрлігі қаржыландырады, – деп мәлімет берді «Қаламаңы тасымалы» АҚ аймақтық телім басшысы Ғалымжан Бурханов.

Қаламаңы пойыздарына билет Түркістан қаласы, Темір бекеті, Арыс 1, 2 вокзалы, Шеңгелді, Сарыағаш вокзалдарындағы кассаларда сатылады екен. Сонымен қатар, жолсеріктердің мобильді терминалы бар. Онлайн режимде жұмыс істейді. Жолаушылардан қолма-қол ақша алып, отырғызатын талон құжатын береді. Балаларға билет бағасы 50 пайыз төмен. Мысалы, Шымкенттен Түркістанға баратын жолаушы 7 жасқа дейін болса, онда ол 304 теңгеге барады.

Көрсеткіштерге келетін болсақ, аталған үш бағытта күнделікті 150-200 жолаушы тасымалданады. Сарыағаш-Түркістан бағытындағы 2 вагонда 3 жолсерік, ал дизельді рельс пойыздағы жолаушылар вагонында 2 жолсерік қызмет көрсетеді.

Жансая СЫДЫҚБАЙ