Өндіріс Атырау теміржолдағы жүк тасымалына жағымды ықпал етеді

Атырау өңірінің өндірістік аймаққа айналуы теміржолдағы жүк тасымалына жағымды ықпал етіп келеді. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша биылғы жылдың төрт айында техникалық жоспарға сай негізгі 14 көрсеткіш 100 пайыздан аса орындалыпты.

Яғни, пайдаланым жүк айналымы 3147,5 млн т-км нетто болып, 105,9%-ды құрады. Жүк тиеу көлемі 3384,8 мың тонна болып, орындалуы 102,9 пайыз болды. Пайдаланым жүк айналымымен қоса, жүк вагонының айналымы – 100, жергілікті вагон айналымы – 102,3, ал жүк вагонының өнімділігі – 102,4%, вагонның орташа тәуліктік жүрісі – 100,6%, вагонның статистикалық салмағы – 100,6%, пойыздың орташа салмағы 3977 тонна брутто, яғни 101,1 болып, аймақта жүк тасымалы көлемінің осы тоқсанда жоғарылағанын көрсетті. Локомотив жүрісі – 101,6%, пойыздың учаскелік жылдамдығы – 100,5%, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы 100,4% болып орындалды.

Ал енді директорлар кеңесі жоспары бойынша қарасақ, 2 көрсеткіш сәл кем түскен. Бірінші, жергілікті вагон айналымы – 97,8%. Екінші, бір техникалық станцияда вагон тұруының орташа ұзақтығы – 96,1 пайыз. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Темірхан Аманқұловтың айтуынша, жергілікті вагон айналымының кем болуы вагондардың кеш келіп, жүк түсірудің баяу жүргізілгендігінен болған. Махамбет станциясында – 13, Құлсарыда – 10, Сағызда 30 вагон баяу түсіру, кірме жолдардың алыстығы, локомотивтерді күтіп қалу сынды себептерден вагон айналымына әсер еткен. Онда ТШО, «Шанхай Конструкш» ЖШС, «Стар», «Халелов» ЖК жүктері болған. Екінші мәселе – вагондардың станцияда тұрып қалуы. Транзитті вагондарды қайта өңдеусіз тұрғызу Махамбет станциясында орындалмаған. Оның себебі Атырау мұнай өңдеу зауытымен тікелей жұмыс жасайтын Теңдік станциясы зауыттың «РТИ-АНПЗ» ЖШС жолдың бос болмауынан 1172 бос вагон цистернаны (15 пойыз) қабылдамаған. Құлсары станциясында да 623 вагон құраманың толықтай жиналуын күтіп 2559,5 ваг/сағат тұрып қалған. Ал қалған жоспар түгел орындалды. Жалпы, өңірдегі тасымал тасқыны 4 айда да жақсы деңгейде келе жатыр.

Қосұйым МҰҚАШЕВ