Семейде цифрлы технологияға толығымен көшіп болды

Семей ЖТ бөлімшесі биылғы көктемде цифрлы технологияға толығымен көшіп болды. Бірер жыл бұрын басталған игілікті шара толық аяқталып, теміржолшылар үшін заманауи үлгідегі «ақылды технологиялар» дәуірі басталды. Қазіргі күні бөлімшеде құжат алмасу, іс қағаздарын жүргізу толық автоматтандырылған.

Қағазсыз технология ішінде ең алдымен «Келісімді және коммерциялық жұмыс» басқару жүйесі іске асырылған болатын. Станциялардағы өтінім беру жұмыстары толықтай электронды түрде жүргізіледі. Ал ағымдағы жылдың 17 сәуірінен бастап бөлімшеде облысаралық қатынастағы жүк тасымалын қағазсыз технология бойынша жүзеге асыру ісі қолға алынды. Бұл істің клиенттермен арадағы келісімді жеделдетіп, тіпті, пойыз құрастыру ісінде де берер тиімділігі зор екені дәлелденді.

– Автоматтандырылған қызмет, әсіресе құжат алмасу ісінде үлкен жеңілдік әкелді. Мәселен, бұрын Нұр-Сұлтаннан арнайы рұқсат алу үшін телефонограмманы үш-төрт күн тосуға тура келетін-ді. Қазір мұндай кедергі жойылды. Оның үстіне клиент келісім жоспарының барлық пороцесін, бүкіл іс барысын ғаламтор арқылы қадағалай алады. Бұл бір есептен сенімділік сыйлайды, – дейді мамандар.

Шығыстағы станция қызметкерлері қағазсыз іс жүргізіп, құжат алмасуды ғасыр жаңалығына теңеп отыр. Аталмыш қызмет түрі әсіресе тауар кассаларындағы жұмысты мейлінше жеңілдеткен.

Бұл игілік жүк жөнелтуге тапсырыс беруші клиенттер үшін де тиімді болды. Олар ендігі аралықта станцияда отырған маманның көңіл күйіне тәуелді емес. Әрі қаржылық операцияларды банк арқылы іске асыруға болады.

Қорыта айтқанда, «бір терезе» қағидасына сүйенетін «Келісімді және коммерциялық жұмыс» басқару жүйесіне қосылу жүк тасымалын жоспарлау, діттеген межеге жеткізу және оның қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алатын әрі бұл процесті on-line режимінде бақылауға мүмкіндік бар тиімді жүйе екендігін іс жүзінде толығымен дәлелдеді. Сәйкесінше, «ақылды технологиялар» игілігіне сүйенуді бұрыннан жолға қойған орта бизнес өкілдері ұлттық компанияның ел шығысындағы басты әріптестеріне айналуда. Яғни, Семей ЖТ бөлімшесімен виртуалды қарымқатынас орнатқан клиенттер саны еселеп өсіп келеді. Мәселен, небары үш айдың ішінде 365 жүк жеткізушімен автоматты түрде келісімшарт жасалған кездер де болған. Яғни, бір тоқсан ішінде 2 мыңның үстінде құжаттар автоматты түрде рәсімделген еді.

Бір бұл емес, осынау жаңа жүйе аясында «Вагондармен жұмыс істеу-2015» жүйесінде вагондарды беру және жинау, ЭПД модуль жүйесінде жөнелту және беру бойынша тасымалдау құжаттарын ресімдеу істері атқарылуда. 

Қуаныш ҚОЖАЕВ