Жіңішке станциясы қауіпті аймақ болып отыр

Ақтөбе іргесіндегі Жіңішке станциясы қауіпті аймақ болып отыр. Биылдың өзінде мұнда пойыз үш рет жедел тежегіш беріп, тоқтауға мәжбүр болған. Себеп – рұқсат етілмеген жол бойында жүрген адамдар.

Жол ережесіне бағынбай, теміржолды кез келген жерден кесіп өтушілер теміржолшыларға үлкен қиындық туғызып отыр. Пойыздар қозғалысы адам өміріне қауіп төндіретіні ескертудей ескертіліп келеді. Соған қарамастан, жол бойында оқыс оқиғалар азаяр емес.

«Ақтөбе-Жіңішке арқалық жолы өте қауіпті аймақ болып қалып отыр. Жүргіншілер белгіленбеген, тыйым салынған жерлерді кесіп өтуден тыйылар емес. Жыл басталғалы осы станцияда үш рет пойыз тоқтатылды. Құлаққаппен әуен тыңдаған жастар, ішімдік ішкендер сол маңнан көп жүреді. Сонымен қатар ол жерде жолдың қауіптілігін ескерткен ескерту белгілері де көп. Бірақ адамдар оған көңіл аудармайды. Қиыны – қауіпсіздік үшін ештеңе жасай алмай, шарасыз болып отырмыз. Қоршау үшін 5 км жол бойын түгел жабу керек. Онда саяжайда тұратын адамдарға жолдың екінші бетіне өту қиын болып кетеді. Ал қауіпті жерлерге қойған кедергілерді адамдар алып тастап отыр. Жүк пойыздары мен жолаушы пойыздарының шұғыл тоқтатылуы нәтижесінде адам басу оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен белгілі бір бағытта кетіп бара жатқан пойыздарды тоқтатудың өзі қаншалықты зиян әрі тиімсіз екенін халық ұғынуы керек», – дейді Ақтөбе жол дистанциясының участок басшысы Виктор Лямин.

Жол дистанциясының қызметкерлері Жіңішке-Ақтөбе, Ақтөбе-2, Айжан, 39 разъездердегі қауіпсіздікті тұрақты бақылап отыр. Көлік полициясымен рейдтер тұрақты жүргізіледі.

Ардақ ЕРУБАЕВА