Сексеуіл теміржолшылар ардагерлерден батасын алды

Туған жердің топырағын фашистік басқыншыларға таптатпай, 45-тің көктемінде Жеңіс тойын тойлаған майдангерлер қатары сиреп қалғанмен, шүкіршілік, арамызда баршылық.

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің есебінде сексеуілдік Берден Тұрсынбаев пен Талжан Жанасов тұр. Бөлімшенің бас инженері Күлхан Белкібаев пен кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Әбдімұрат Маутанұлы және Сексеуіл локомотив пайдалану депосының кәсіподақ ұйымы жетекшісі Нұрлан Жұмқанов қос ардагерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап барып, қариялардың батасын алды.

Ұлы Жеңістің 74 жылдық тойын тойлауға Сыр еліндегі майдангер-теміржолшылардан төрт қария аман жетіпті. Олардың екеуі Қызылордада, екеуі Сексеуіл станциясында ұл-қыздары мен немерелерінің ардақты да сүйікті аталары болып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

– Жеңістің 74 жылдығына жеткен төрт майдангерге бөлімшенің және кәсіподақ ұйымының және теміржолшылар атынан қаржылай сыйақы мен азық-түлік себеті берілді. Және де майдангерлердің ас-суын даярлап отырған келіндердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында олардың біріне қысқа толқынды пеш пен соңғы үлгідегі шаңсорғыш сыйға тартылды, – дейді бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары Әбдімұрат Маутанұлы.

Майдангерлерге бөлімше теміржолшылары тарапынан өзге де көмектер ұдайы беріліп отырады. Сұраныс тілектерін екі еткен жері жоқ. Мереке қарсаңында өздерін құттықтай келгендерді қуана қарсы алған майдангерлер оларға батасын беріп, бейбіт күннің алаңсыз еңбегін тіледі.