Cемейлік теміржолшылар майдангер әріптестерін еске алу рәсімін өткізді

Жеңістің 74-ші мерекесіне орай семейлік теміржолшылар байырғы майдангер теміржолшы әріптестерін еске алу рәсімін өткізді. Қаладағы Жеңіс саябағына жиналған олар осынау жолда шейіт болған боздақтар мен бүгінде өмірде жоқ соғыс ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Мәңгілік алау» басына теміржолшыларды бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев пен салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов бастап келді. Сондай-ақ, бұл шараға кәсіподақтар ұйымдарының төрағалары, мекемелер басшылары да мол жиналды.

Әуелгі кезекте саябақ бойымен шерулетіп жүріп өтіп, алау басына гүл шоқтарын қойған теміржолшылар сұрапыл күндерді, осынау жолда бақилық болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті. Ардагер теміржолшы, «Түрксіб-Семей» мұражайының директоры Мақсұт Көшжанов өткен күннің жарқын естеліктерінен сыр шертіп, соғыстан кейін теміржол саласында тер төккен майдангерлер жайлы әңгіме өрбітті.

Теміржолшылар соғыс кезінде броньмен босатылса да, өздері сұранып майданға аттанған теміржолшылар қатары да мол болған екен. Олардың арасынан талай батыр атанған қаһармандар шыққан. Бүгінде теміржол ауданындағы бірқатар көшелер сол батырлар есімдерімен аталады. Көнекөз қарияның осындай тағылымды сөздерін әсіресе жас буын теміржолшылар ұйып тыңдады.